Күй анасын ардақтау – киелі өнерге тағзым
– Күйші әжеміз туралы кітапты әзірлеп, көп жылдан бері осы бағытта еңбектенгеніңіз туралы «Таң-Шолпан» журналында жарияланған мақалаңыздан оқып-біліп едік. Бұл кітаптың ерекшелігі неде? – Бұл кітапқа Қазақ ССР-нің халық әртісі, күй анасы атанған Дина Нұрпейісова туралы тарихи деректер, сыр-сұхбаттар, ой-толғаулар, әр кезеңдерде басылымдарда жарық көрген мақалалар, ноталық күй шығармалары және фотодеректер топтастырылып жинақталған. – Сонда бұрын-соңды әйгілі күйші туралы кітаптар шықпаған ба? Жалпы бұл кітапты әзірлеуде нені мақсат еттіңіз? – Дина Нұрпейісова халықтың адамы болғандықтан ол туралы көп жазылды. Газет-журналдарда жарық көрген мақалаларда есеп жоқ. 1983 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Қайран шешем» атты кино да түсірді. Дегенмен әрбір қаламгер немесе естелік жазушы адамның туындысы көркем, жұртшылықтың оқуына тартымды болуы үшін түрлі деректерді өз жандарынан қосатын кездері кезігеді немесе біреулерден естігенін тарихи оқиға ретінде баяндайды. Кейбір қалам ұстағандардың күйшімен бірге жүріп, сапарларға онымен бірге барып, барлық оқиғаны өз көзімен көріп, диктофонға жазып алғандай суреттейтіні де бар. Осындай жайттардан келіп әртүрлі мәліметтер пайда болады. Оның үстіне Дина күйшінің өмір сүрген уақыты қилы кезеңге толы. Халқымыздың салт-дәстүріне сәйкес немесе сол замандағы саяси оқиғаларға орай кейбір деректер өзгеріске ұшыраған болуы да ықтимал. Біз ешкімді кінәлап отырған жоқпыз. Дегенмен күй анасы атанған тарихи тұлғаның ғұмырдерегі шындыққа негізделгені, айқын болғаны жөн деп есептеймін. Осы орайда мен Дина Нұрпейісованың өмір жолындағы түрлі кезеңдер, ерекше оқиғалар және ұрпақтары туралы мақаланы жазуда нақты деректер мен құжаттарға сүйендік. – Төлеген Шаңғытбайұлы, негізі, нағашы әжеңіз туралы кітап жазуға бертін келе бекіндіңіз бе, әлде жас кезіңізден ойыңызда бар ма еді? Не түрткі болды дегеніміз ғой. – 1980 жылы Мәскеуде аспирантурада оқып жатқан кезім, үйімізге арнайы келген Қаршыға (Қ.Ахмедияров) ағамыз: «Төлеген, сенің Дина шешеміздің шөбересі екендігіңе ешкімнің дауы жоқ. Бірақ неге сен нағашы әжеңді дәріптеп, насихаттамайсың? Қазір болмағанмен, болашақта Дина апамыздың мұрасын жинап, оны ел-жұртқа насихаттау ісін қолға аласың деп сенемін. Өйткені ғылыми зерттеудің жолын білген адам қандай істі қолына алса да, үлкен нәтижеге қол жеткізеді» деген еді. Міне, сол кездесуге де 40 жылдай уақыт өтіпті. Сол сәттерді сараптай келе, Қаршыға ағамыздың өте орынды мәселе көтергендігін, маған үміт артқанын еске алдым. Әрине, жас кезімде жұмыс деп жүріп біраз уақытты өткізіп алыппын. Оған өкінемін. Ағаның ақыл-кеңесіне бірден ден қойып, Дина анамыздың өмір жолын зерттеуді және насихаттауды бастап кеткенімде, мол мұраны жинақтауыма мүмкіндік болар еді. Соның ішінде анам Ақжанның, нағашы апаларым Балжан мен Гүлжанның және басқа да сол тұста көздері тірі ағайын-туыстар мен күйшіні көрген, онымен пікір алысып, тілдескен жандардың айтқан көптеген тарихи құнды деректерін жазып алар едім ғой. Олар сол заманда Динамен араласып, сыйласқан өнер қайраткерлері және күйшінің отбасындағы, ағайын-туыс ішіндегі қарым-қатынасы туралы сыр шертер еді. – Сонда сіздің анаңыз Динаның туған немересі болып шыға ма? Осы жөнінде таратып айтып берсеңіз. – Ақжан Жұрынбайқызы Нұрпейісова, менің анам, 1929 жылы 20 тамызда дүниеге келген. Динаның ұлы – Жұрынбайдың тұңғыш қызы. Орта мектепті, педагогикалық орта оқу орнын Алматы қаласында бітірген. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының алғашқы курсын бітіріп, менің әкем Шаңғытбай Қуанышевке тұрмысқа шығуына және бала бағуына байланысты оқуын әрі қарай жалғастыра алмаған. Анам аудан, облыс көлеміндегі, ал өмірінің соңғы жылдары республикалық мәдени шаралардың жаңғыруына белсене араласты. Айтыскер ақын ретінде бірнеше рет республикалық зағип ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. Тума-туыс, дос-жаранның қуаныштарына бірдей ортақтасып, өзіне табиғат берген дарынның арқасында көпшілік ортаның сәні болды. Осындай қоғамшыл, адами қасиеттерімен үлкенге де, кішіге де қадірлі болған анамыз 1999 жылы 70 жасында қайтыс болды. – Жеке өзіңіздің Дина әжеңізбен түскен фотосуретіңіз бар ма? – Бір жолы Қаршыға ағамыз «Ғылыми еңбегіме пайдаланамын, кейіннен қайтарып беремін» деп анамнан Дина әжеміздің он шақты фотосуретін сұрап алды. Ғылыммен және өнермен айналысып, көп еңбек етіп жүрген адам еді ғой, өзінің де қолы тимей кеткен шығар, сол суреттер ақыры біздің қолымызға қайтып тимеді. Бір өкініштісі, бізде көшірмесі де қалмады. Арасында менің Дина әжемнің тізесінде отырған суретім бар еді. Амал қанша, қазіргі кезде Қаршыға ағамыз о дүниелік болып кетті, соңында қалған туыстарынан фотосуреттерді сұрап көрудің бір реті келмей жүр. Дегенмен ағамыз ұқыпты, парасатты жан ғой, жазған еңбектері де, жинаған құжаттары да сақтаулы тұрған шығар. Біз үшін аса құнды ол суреттер мүлдем жоғалып кетуі мүмкін емес. Алдағы уақытта табылады, қолымызға тиеді деген үміттемін. – Сіздің есіміңізді Дина әжеңіз қойған екен, осы жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз. – Мен Алматы қаласындағы №2 перзентханада дүниеге келіппін, әке-шешем «баламыз жақсы адамға тартып өссін» деген ырыммен Дина әжеме «Сәбидің есімін сіз қойыңыз» деп алдына барып өтініш айтыпты. Ол: «Нәрестенің аты «Төлеуқұл» болса қалай қарайсыңдар?» деп жастарға қарапты. Сәл ойланып қалған әкем нағашы әжемізге: «Құлдықтан арылып, заман өзгеріп келе жатыр ғой, берген ұсынысыңызға көптен-көп рақмет, егер сіз ренжімесеңіз, Құдай алдында да, адам алдында да бұл нәрестенің төлемі берілгеніне байланысты «Төлеген» деп атасақ, келісіміңізді бересіз бе?» депті. Сонда Дина әжем алақанын менің маңдайыма қойып, аналық батасын берген екен. – Енді «Күй анасы» қорының қызметіне тоқталсаңыз, алда қандай жұмыс жоспарлары бар? – Бұл қордың мақсаты – күйші Динаның өнерін, жалпы шығармашылық жолын, күйшілік жолын насихаттап, таныстыру. «Күй анасы» атты кітабының тұсаукесері 4 шілдеде сағат 10-да Б.Момышұлы даңғылындағы Достық үйінде болады, ұрпақтары атынан Дина анамызға бағыштап ас береміз. Пандемия зардабы азайып, көңіліміз жайланса екен деген тілек бар. Алдағы уақыттарда да біраз жоспарымыз бар. Бірінші, қойылатын ескерткіш маңайын абаттандыру, мүмкін болса, күйші-композиторлар аллеясы деп атасақ. Мәдениетімізге, әдебиетімізге еңбегі сіңген өнерпаздарға арнап белгітас қойса, әрбіреуінің тұсына «QR код» қойып, сол тұлға туралы мағлұмат берілсе, олардың өнерімен таныстырып, күйлерін дайындатса өте жақсы болар еді. Сол маңайға микрофондар қойып, халық көп қыдырыстайтын уақытта қазақылықтың иісі шығып, күй ойнап тұрса жақсы болар еді. Қаланың оң жақ бөлігінде – Оңтүстік-Шығыс аймақта жастар баратын демалыс ошақтары аз, бәрі сол жағалауға кетеді, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы маңайда өнер орталығы болса деген ұсынысымыз бар. Домбыра кластары, мұражай, ұлттық аспаптар жасайтын шеберхана болса, заманауи техникамен жабдықталған кітапхана, кішігірім сахналық залы болса керемет қой! «Күй анасы» қоры алдағы уақытта осы айтылған жұмыстарды жүзеге асыруға мұрындық болады.
Жадыра ШАМҰРАТОВА