«Рамада Плазада» ковидтік стационар қайта ашылды
Әкімдік мәліметінше, Тимур Мұратов қалада КВИ жұқтырған науқастар көбейгенін атап өтті. «Инфекциялық стационарларда 28 маусым күнгі жағдай бойынша 1403 пациент жатыр. Оның ішінде КВИ расталған – 1 256 адам, пневмониямен – 147 адам. Осылайша жүктеме 70%-ды құрайды. Стационарлардың төсек сыйымдылығы – 2 026 төсек, оның ішінде 2001 инфекциялық және 25 карантиндік төсек. Қазір науқастарды емдейтін 14 стационар бар. Оның ішінде 13-і – инфекциялық, біреуі – карантиндік», - деді ведомство басшысы. Ол сондай-ақ былтыр жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде өзгертілген «Рамада Плаза» қонақүйі жабылғанын, алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты қайта ашылып жатқанын айтты. «Қазір ол жерге 500 төсек-орын орналастыруымызға тура келіп отыр. «Рамада Плаза» коронавирустық инфекциясы бар науқастарды қайтадан қабылдайды. Бұл шаралар коронавирус жұқтырғандар саны өсіп келе жатқанын көрсетеді. Осылайша төсек-орындар санын ұлғайтуға, кадрлық ресурсты іске қосуға мәжбүр болып отырмыз. Инфекциялық стационарларға тәулігіне шамамен 150-200 адам жеткізіліп жатыр. Қазір жаңадан ашылған 2001 инфекциялық төсектің 598-і ғана бос, оның ішінде 36-сы - реанимациялық төсек», - деді Мұратов. Ведомство басшысы елорда тұрғындары мен қонақтарын санитарлық нормаларды сақтауға әрі вакцина алуға шақырды. Вакцинация – өзіңізді және айналаңыздағы жұртты қорғаудың жалғыз әдісі.