Қоқыс қалай сұрыпталып, шығарылады?
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қоқыс қалай сұрыпталып, шығарылады?](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107709739944394.webp)
Әкімдік мәліметінше, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау әрі тасымалдау бойынша кешенді жұмыстарды қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қолдауымен Clean City NC ЖШС жүзеге асырады. Күн сайын қала аумағынан 900-1000 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Шаһарда 2018 жылдан бастап екі фракция – «дымқыл» (тамақ қалдықтары) мен «құрғақ» (қағаз, пластик, шыны, металл) қалдықтар болып бөлек жинау жүйесі енгізілген. Сары контейнерлерден сұрыпталған қалдықтарды ақ түсті қоқыс тасушы шығарады. Алаң айналасындағы екі метр радиуста қоқыс іріктеледі. Жасыл әрі металл контейнерлерден қалдықтарды қызғылт-сары қоқыс тасушы шығарады. Қалдықтар күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін екі ауысымда шығарылады. Жағымсыз иістердің таралуын және кеміргіштердің, жәндіктердің пайда болуын болдырмау, экологиялық қауіпсіздік нормаларын бұзбау мен адам денсаулығы үшін контейнерлерді қауіпсіз дезинфекциялау құралдарымен жуу әрі өңдеу тұрақты жүргізіледі. Астана аумағында пайда болған барлық қалдық қоқыс өңдеу кешеніне шығарылады. Оның аумағында қалдықтарды қабылдауға арналған екі желі жұмыс істейді. Кешенде қалдықтар сұрыпталады, брикеттеледі және өңделеді. Қайта өңдеуге жатпайтын брикеттелген ҚТҚ кейіннен көму үшін полигонға шығарылады.