Биыл елорданың тағы 7 елді мекені газға қосылады
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Биыл елорданың тағы 7 елді мекені газға қосылады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107710224211990.webp)
ашық дереккөз
«Таяу жылдары елорда толықтай газға қосылады. Қалаға газ желісін жүргізу экологияны біршама жақсартуға септік етеді. Себебі жеке сектордағы тұрғындар үйлерін енді көмір жағып жылытпайды. Сонымен қатар қауіпсіздік артып, азаматтардың тұрмыс жағдайы жақсарады. Бүгін қаладағы газ жүргізу жұмыстарының барысымен таныстым. Көктал-1 елді мекені толығымен газға қосылды. Ол үшін шағын ауданда 70 км газ тарату желісі салынды. Тек осы елді мекеннің өзінде ғана 2600 үй газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Газды үйінің ішіне дейін тартып алған Көктал-1 елді мекенінің тұрғындары газ қостыру үшін «ҚазТрансГаз» АҚ-ға хабарласуы керек. Одан бөлек Оңтүстік-Шығыс, Агрогородок (жарты бөлігі 2020 жылы қосылмай қалған еді), Өндіріс елді мекендерінде газ тарату желілерін салуды жалғастыра береміз. Бұған қоса «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерін салып жатыр. Осылайша, аталған елді мекен тұрғындары жаңа жылыту маусымында үйлерін газбен жылыту мүмкіндігіне қол жеткізеді.Газдандыру үдерісі кестеге сай жүріп жатыр. Мысалы, өткен жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2 елді мекендері мен Агрогородок елді мекенінің бір бөлігі газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ол кезде біз 345 км ішкі квартал желісін салғанбыз. Ал биыл тағы 317 км саламыз, соның ішінде 170 км желі алғашқы жартыжылдықта салынды. Газдандыру басталғалы бері үйді газбен жылытуға көшіру бойынша аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек беру механизмдері енгізілді. Әлеуметтік көмектің осы түрін алуға өтінімді egov.kz электронды үкімет порталы арқылы беруге болады («электрондық өтініштер» - «қызметке онлайн тапсырыс беру». Мазмұн жазылатын бағанда «тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек» дегенді, алушы деген бағанда «жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау» дегенді басу керек). Сондай-ақ былтыр газға тариф бағасы төмендеді: бір текше метр газ бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін арзандады (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге белгілеу туралы айтылған). Жеке сектор тұрғындары үшін біз есептегіш құралдарды тегін беруді қарастырдық. Halyk bank АҚ және ECOLER қауымдастығымен бірге үйлерді газға көшіру бойынша азаматтарға пайызсыз несие беру ісін ұйымдастырдық. Оған қоса жылу электрлік орталықтарын жаңғыртуды жалғастырып жатырмыз. 1-ЖЭО және 2-ЖЭО бойынша төрт су жылыту қазандығы газға көшті. Осы жылдың соңына дейін басқа да қазандықтарды газбен жылытуға көшіреміз. Газдандыру - елбасының стратегиялық жобасы. «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры Орталық Қазақстан мен елорданы елдің бірыңғай газ көлік желісімен қосады. Бұл үдеріс мемлекет басшысының тікелей бақылауына алынған», - деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Ұқсас жаңалықтар