Нұр-Cұлтанда әр сенбі сайын «Ашық аспан астындағы кітапхана» өтеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұр-Cұлтанда әр сенбі сайын «Ашық аспан астындағы кітапхана» өтеді
ашық дереккөз

Әкімдік мәліметінше, жоба ұйымдастырушысы – Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты. Алдағы жаз маусымына арнайы ұйымдастырылған бұл шара әр сенбі сайын өтеді. Пайдасы мол бастама мақсаты – жазғы демалыста оқушыларды, студенттерді және аудан тұрғындарын оқуға тарту, уақыттарын тиімді өткізу, сонымен қатар кітапханаға тұрақты оқырман ретінде жазылуға мүмкіндік жасау. Аспан астындағы кітапханада көбіне балаларға арналған әдебиет, әйгілі жазушылардың поэмалары, шығармалары қойылады. «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы осы аптада, 12 маусым күні сағат 11:00-де Абай даңғылы мен Ә.Сембинов көшесінің қиылысында орналасқан Қаламгерлер аллеясында өтеді. Іс-шараға ақын, әдебиеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қатысады. Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, әндері айтылады. Ендеше, кітап сүйер балақайлар мен елорда тұрғындарын демалыс күндерін тиімді пайдаланып, поэзия әлеміне бірге саяхаттауға шақырамыз. Іс-шара санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өтеді.