Биыл бір миллионнан астам жасыл желек егіледі - елорда әкімі
15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат
ашық дереккөз
«Елорданы көріктендіру жұмыстарының бәрі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-планы тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Яғни осы сала бойынша нақты даму картасы бар. Биыл демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаламызды көгалдандыруды жалғастыра береміз. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егуді жалғастырамыз. Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. «Толқын тәрізді аллея» аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған саялы аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл «Триатлон паркін» жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз.Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық. Өткен жылы қалада алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл – Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, жұмыстар биыл да жалғасады. Мысалы, Тұңғыш Президент саябағында саялы бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар және т.б. орнатылды. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша, қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің астына әткеншек орнатамыз. Әзірбайжан Мәмбетов көшесі бойында, қаланың оң жағалауында «Демалыс Променад» деп аталатын жаңа қоғамдық кеңістік жасадық, арбат іспетті, жаяу жүргіншіге арналған кеңістік болды.Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар, бақтар) абаттандыру кезінде, көгалдандыруға ерекше назар аударамыз, өйткені бұл – қала дамуының ажырамас бөлігі. Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі – аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыруға кіріскенімізде. Бұл «бетонды орындар» санын азайтады. Мысалы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы пайда болмақ Қазір барлық жерде көшет отырғызылып жатыр. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық ауданын, соның ішінде елді мекендерді көгалдандырамыз. Ағаш егуге қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны қуантады. Осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазір қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады. Егер жылдан-жылға сапалы тал егіп, тал егу жоспарын осы деңгейде ұстап тұрсақ, елорда санаулы жыл ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері тек даладан тұрған қала бақшалы қала болады. 2020 жылы 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік жаңадан тұрғындарға пайдалануға берілді. Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз.Елбасы сұхбатында елорданың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қала тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер, экоакциялар тұрақты өткізіледі. Шаһарды көгалдандыруға кез келген адам үлес қоса алады», - деді әкім «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
Ұқсас жаңалықтар