Елорда әкімі баспана кезегінде қанша адам тұрғанын айтты
15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат
ашық дереккөз
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарда 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80%-ы – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсуі керек. Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырмасы болды. Былтыр бұл үдеден шыға білдік. Мысалы, жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейттік. Енді әлеуметтік пәтерлерге медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырдық. Жастарға келетін болсақ, елордада «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр.Баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан-жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың «қадамдық қолжетімдігін» қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған болатын. Яғни, жаңа тұрғын үй кешені салынып беріле салмай, бірінші қабаттарында «Үй маңындағы дәрігер» медициналық мекемелерін ашуды да қамтамасыз етіп келеміз. Олардың қатарында оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пункттері, полицияның тірек пункті және тағы басқа әлеуметтік нысан бар.Баспана мәселесін айтқанда, елордадағы үлескерлердің жағдайын айтпай кете алмаймыз. Үлескерлердің мәселесін шешу жөніндегі жоспарымыз орындалып келеді. 1,5 жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын-үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы ведомствоаралық коммисияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп табылған. Бұл – 15 757 үлескер. 2019 жылы соның 10 нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын, 2 534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2 723 отбасы үйлі болды. Енді міне, 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын немесе 57 үйде тұратын 7 300 отбасын баспаналы қыламыз деп межелеп отырмыз. Жоспар бойынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үйді аяқтап, елордадағы үлескерлер мәселесін түбегейлі шешеміз деген жоспар бар. Өздеріңізге белгілі, кей үйлердің құрылысы тіпті 15-16 жылға дейін созылып кеткен. Қазір үлестік құрылыстардың кейбірін аяқтап, тұрғын үйлерді жөндеп, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз, оларға жайлы, ең бастысы – өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз», - деді әкім «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
Ұқсас жаңалықтар