Елордада «Бәйтерек» монументінің жарығы қызыл түске боялып жанды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Бәйтерек» монументінің жарығы қызыл түске боялып жанды
ашық дереккөз

Мамыр айының үшінші жексенбісі - Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні. Айтулы датаға орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК 2021 жылғы 10 мамыр мен 16 мамыр аралығынды қоғам назарын осы індетке аударуға бағытталған көптеген іс-шара ұйымдастырды. Сондай іс-шараның бірі 16 мамырда елорда уақытымен кешкі 21.00-ден 23.30-ға дейін «Бәйтерек» монументінің жарығы қызыл түске боялып жанды және «ҚТЖ ҰК» АҚ ғимаратында (Қонаев көшесі, 6) әлеуметтік бейне роликтер 15, 16 мамыр күндері кешкі уақыттарда үздіксіз көрсетілді. Сонымен қоса қаламыздың көрікті жерлерінің бірі - Ботаникалық саябақта ЖИТС құрбандарына арналып шырша отырғызылды, АИТВ-мен өмір сүретін жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Осы шаралардың барлығы АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қоғамның толерантты қарауына, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екендерін сезіндіреді. Сол себепті де биылғы акцияның ұраны #ОданАртықпын деп бекітілді. Бұл күн алғаш рет 1983 жылы жарияланған. Әлемнің 115 еліндегі 1 200 қоғамдық ұйым ұйымдастырған ең үлкен іс-шаралардың бірі болған. «Қазіргі таңда екінші жыл әлем назары CОVID-19 пандемиясына ауып отыр. Осы орайда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмірі назардан тысқары қалмауы керек. Сондықтан осындай айтулы даталардың АИТВ-ның алдын алуға бағытталған біздің мамандарымыздың атқарып жатқан жұмысына оң әсер береді.  АИТВ мен коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы тұруға, эпидемиямен күресте күш біріктіруге, АИТВ-инфекциясы туралы хабардар болуға дайындықты көрсетудің тағы бір мүмкіндігі болып табылады», - деді өз сөзінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК директоры С.Абдраимов. «Соңғы жылдары қалада АИТВ-мен тіркелген науқастардың антиретровирустық терапиямен қамтылуы 75-тен 91%-ға дейін өсті. Осы антиретровирустық терапияны енгізудің және науқастардың емделуге бейімділігінің арқасында қан вирусының репликациясын басуға болады, осылайша адам өзінің жыныстық серіктесіне жұқтыра алмайды. Тіпті тіркеуде тұрған аналарымыз сау сәби дүниеге әкелуде», - деп сөзін толықтырды орталықтың бас дәрігері. Өткен төрт айдың көрсеткіші бойынша қаламызда жаңадан 100 адамнан АИТВ-ы анықталған. Оның 78-і - ерлер қалған 22-сі - әйелдер. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша алғаш тіркелген күннен бүгінге дейін 2 297 адам тіркеуде тұрады.