Нұр-Сұлтанда Есіл және Ақбұлақ өзендерінің аумағы қоқыстан тазартылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтанда Есіл және Ақбұлақ өзендерінің аумағы қоқыстан тазартылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111677733489409.webp)
Елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «ЖасНұр» МКҚК-мен бірлесіп жыл сайын қаладағы өзендер мен су қоймаларының аумағын тазарту жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта экологиялық айлық аясында бұл жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Есіл өзенінің 20 км-ге жуық, Ақбұлақ – 7 км, Сарыбұлақ – 4,5 км аумағына тазарту жұмыстары жүргізілді. Есіл өзені мен оның аумағынан мамандар 7 тоннадан астам қоқыс шығарды. «Біз қаладағы барлық учаскелерді таза ұстауға тырысамыз. Бірақ көп нәрсе елорда тұрғындары мен қонақтарының өзіне, олардың табиғатқа, аулаға, көшеге деген құрметіне байланысты. Тұрғындар, ұйымдар, компаниялар өз тарапынан көмек көрсетіп, қаламызға ұқыпты қарауы керек. Қала бойынша барлық жерде қоқыс жинауға, шығаруға арналған орындар бар», - деп атап өтті басқарма өкілдері. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сарыбұлақ өзенінің жағасын Қарасай батыр көшесінен Н.Тілендиев көшесіне дейін, яғни 2,5 км аумақ қоқыстан тазартылған болатын. 70 қаптан астам қоқыс жиналған, оның негізгі бөлігі тұрмыстық қалдықтар мен полимерлер.