Экологиялық акцияға қатысушылар С.Рақымбекова атындағы аллеяға 110 түп ағаш екті
Салтанат Рақымбекова атындағы аллея өткен жылдың қазан айында ашылып, ол кезде 55 түп көшет егілген. Сол дәстүр биыл жалғасын тауып, егілген талдардың саны екі есеге артты. Шараны ұйымдастырған "Жасыл" экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы мен Салтанат Рақымбекованың Қоғамдық Қоры өкілдері бұл экологиялық акция аясында алдағы бес жылда республика бойынша екі миллиардтан астам ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, әріптестері және Салтанат Рақымбекованың шәкірттері мен туыстары қатысты. Салтанат Рақымбекова «жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының және ауыл әйелдері мен ауыл жастарын қолдау жөніндегі бірқатар қоғамдық ұйымдардың негізін қалаған. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі Кеңес мүшесі, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті, 200-ден аса ғылыми мақалалар мен "Жасыл жол. Expo-2017 және жасыл экономика", "Тұрақты дамудың жасыл коды" кітаптарының авторы.