Елордаға отандық «QazVac» вакцинасының 6 мың дозасы жеткізілді - Тимур Мұратов
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордаға отандық «QazVac» вакцинасының 6 мың дозасы жеткізілді - Тимур Мұратов](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211169628472820.webp)
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазір қалада ресейлік «Спутник-V" вакцинасымен қоса 55 мыңдай вакцина дозасы бар деп көрсетті. «Өткен аптада ғана қазақстандық вакцина QazVac вакцинасының бірінші партиясы жеткізілді. Енді халықтың сұрауы мен қалауы бойынша қазақстандық өнімді екпе ретінде қолдана аламыз. Дәрігер ретінде және ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің вакцина шығаруға қабілетті елдердің қатарында болғаны мен үшін мақтанарлық»,- деді басқарма басшысы Тимур Мұратов. Азаматтар ресейлік «Спутник-V» және қазақстандық QazVac вакцинасының бірін таңдай алады. Бүгінде отандық вакцина тапсырыс бойынша емханалар мен сауда ойын-сауық орталықтарына таратылды. «Күніне 6 мың адамға дейін екпе салынады. Бастапқыда тұрғындар вакцинаға сақтықпен қарады. Бірақ вакцина алмау денсаулыққа әлдеқайда қауіпті екенін және тек осылайша өзімізді инфекциядан қорғай аламыз деген түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азаматтардың көзқарасы өзгерді. Халық арасында қорқу мен сенімсіздік жойылып, өз денсаулығы үшін жауапкершілік арта түсті» - деді Мұратов Т. Басқарма басшысы сауда орталықтарында вакцинация пунктін ашудың оң жақтарын да атап өтті. «Сауда орталықтарында вакцинация аймақтарын ұйымдастыруы айтарлықтай нәтиже беруде. Кейде азаматтар тіркелген емханаларын біле бермейді, көбісі БМСК ұйымдарына бармайды. Осылайша, екпе салдырып жүрген сауда орталығына келіп, дәрі-дәрмектің компоненттерін еш қиындықсыз алу өте ыңғайлы. Сондай-ақ, Қазақстанда тұратын шетелдік азаматтар да екпе ала алады», - мәлімдеді ол. Бір күннің ішінде ОСО-дың вакцинация аймақтарында 250 адамға дейін екпе егіледі. Елордада вакцинация пункттері Mega Silk Way, Keruen, Хан Шатыр және Абу-Даби Плаза сауда орталықтарында ашылған.