Елордада Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Кеңес мүшелері бас қосуға толық құрамда қатысты. Кеңестің күн тәртібінде жастарды жұмыспен, баспанамен қамту және вакцинация, волонтерлық қозғалысты дамыту мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Нұр-Сұлтан қаласы бір айдан аса уақыт «қызыл аймақта» тұрғандықтан басқосу ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде өтті. «Еліміздің дамуында жастардың алатын орны өте ерекше. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз», - деп атап өтті. Бұл ретте, Жастар және Волонтерлар жылдары мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам болды. Біздің басты мақсатымыз – елорданы жан-жақты дамыған әлемдік қалаға айналдару, тұрғындардың, жастардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған экономиканы дамыту және тиімді жоспарлауды жүзеге асыру болып саналады. Бұл мақсат мен міндет елордалық жастардың әрқайсысына ортақ, сондықтан сіздерді елорданың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосады деп сенемін», — дейді Бақтияр Мәкен. Қазақстанның табысты болашағы үшін жауап беретін еліміздің ертеңі – бұл жастар. Қала әкімінің орынбасары Жастар кеңесі тәжірибе алмасу және идеяларды жүзеге асырудың өзара сұхбат алаңы болуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Жиын барысында елордадағы мемлекеттік жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров баяндама жасады. Өз сөзінде ол жастарға жасалып жатқан жағдайдан хабардар етіп, волонтерлер жұмысының табысты жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті. Жастар жылының салтанатты ашылу шарасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер беру туралы тапсырма жүктеген болатын. Осыған орай жұмысшы жастарға берілетін баспана бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Әнуар Саипов хабардар етті. Сондай-ақ жиын барысында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Ғарифуллин, Қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Әлия Шайзадақызы, Нұр-Сұлтан қаласы волонтерлар штабының төрағасы Шыңғыс Тілеулин өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндама жасады. «Бағдарламаға сәйкес барлық мәселелер қаралып, ұсыныстар қабылданды. Бүгінгі кеңес қорытындысы бойынша хаттама толтыруды Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаровқа тапсырамын», — деді елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.