Ерлан Каналимов Алғыс айту күнімен құттықтады
1 наурыз – көктемнің алғашқы күні және 2016 жылдан бері аталып келе жатқан Алғыс айту күні құтты болсын!
Халқымыз «Алтын алма, алғыс ал, алтын – жер сыйы, алғыс – ел сыйы» деп адамдарды ізгілікке, қайырымдылық пен бірлікке шақырған. Жақсылық жасау және жақсылыққа алғыспен жауап қату халқымыздың бойында бар асыл қасиет.
Бұған қиын-қыстау заманда ата-бабаларымыздың қазақ еліне депортация жасалған жүздеген ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бауырына басқаны және бір нанды бөліп жеген сәттері айқын дәлел. Осынау игі істер тарих болып қатталып, талай буынға үлгі-өнеге ретінде айтылып келеді. Бір шаңырақ астында жүздеген ұлт пен ұлыстың тату-тәтті, тұтас қоғам болып өмір сүруі осының айғағы.
Бүгінгі атаулы күнде мен де өз атымнан сіздерге, барша жақындарыма ризашылықпен алғыс айтамын.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында бір-біріне көмектесіп, ізгі қоғам құруды аманат еткен. Мұндай қоғам адамдарға жақсылықты көп жасайтын, жақсы іске еселеп жауап қататын, алғысы мол ізгі жандардың арқасында ғана құрылады.
Олай болса, жақсылыққа асығайық, игі істерге ұмтылайық, жақсының жақсылығын айтып, алғыс айта жүрейік, достар! – деп жазды Е.Каналимов.