Коммуналдық қызметтер төлемі қазақстандықтардың қалтасына қаншалықты ауыр тиеді?
ТМД-дағы ең арзан коммуналдық қызметтер Өзбекстанда (айына 30,43 АҚШ доллары), ал ең қымбаты Молдовада (119,46 АҚШ доллары). Рейтингтегі барлық елдің арасынан ең төмен бағалар Нигерияда (21,78 АҚШ доллары), ал ең жоғары бағалар Германияда (263,45 АҚШ доллары) тіркелген. Алайда құр бағаның өзі елдегі коммуналдық қызметтердің арзан не қымбат екендігі жөнінде пәлендей орынды ақпарат бермейтінін ескеру керек. Дұрысы, коммуналдық қызметтер төлемі сол ел тұрғынының қалтасына қаншалықты соққы болатынын білу маңызды. Мысалы, Германиядағы коммуналдық қызметтер әлемдегі ең қымбат болып есептелгенімен, қолға алатын орташа жалақыға шаққанда оның үлесі небәрі 8,9% болмақ. Бұл аса жоғары көрсеткіш емес. Сондай-ақ ең арзан коммуналдық қызметтері бар Нигерияны алып қарасақ, ондағы тұрғындардың отбасылық бюджетіне бұл айтарлықтай ауырлау тиеді, өйткені қызметтердің орташа жалақыға қатынасы 12,2%-ды құрайды. ТМД елдері ішінде комуналдық қызметтер бағасының «таза» айлық жалақыға қатынасы бойынша ең жақсы көрсеткіш (11,8%) Қазақстанда. Коммуналдық қызметтерді төлеуге ең қаттырақ қиналатыны – молдовалықтар, олар жалақының 28,4%-ын осы мақсатқа жұмсайды. Украинадағы көрсеткіш – 22,7%, Арменияда – 19,7%, Ресейде — 17,1%. Негізгі коммуналдық қызметтер төлемінің «таза» жалақыға қатынасы бойынша ең үздік ел болып Кувейт танылды, мұнда ол бар болғаны 2,3%-ға тең. Ал эфиопиялықтарға бәрінен де ауыр тиеді, тұрғындар жалақының 66%-ын «солқ еткізіп» коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге береді.