Қазақстандық өнерпаздар «Қыз-жігіт. Сармерден» бағдарламасының түсіріліміне қатысты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандық өнерпаздар «Қыз-жігіт. Сармерден» бағдарламасының түсіріліміне қатысты
ашық дереккөз

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшісі Рәпіл Жошыбаев және Қырғыз Республикасы президенті администрациясының жетекшісі Сүйінбек Қасмамбетов, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев пен екі мемлекеттің дипломатиялық корпус өкілдері қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Нұрғиса Дәуешов өз сөзінде екі ел арасындағы татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды ежелден өнер арқылы насихаттап келе жатқан майталмандарға тоқталып, аталған игі дәстүр лайым жоғары деңгейде жалғаса беретініне сенім білдірді. «Қыз-жігіт. Сармерден» - қырғыз телекөрермендері сүйіп көретін бағдарламаның бірі. Жобаның негізінде қыздар мен жігіттер арасында атадан-балаға жеткен халықтың ауыз әдебиетінен әзіл, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтысу жатыр. Концерттің түсіріліміне еліміздің атынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – күйші Нұркен Әшіров, дәстүрлі әншілер – Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Айгүл Елшібаева, Қазбек Әдікей, республикалық конкурстардың лауреаттары – Марат Сүгірбай, Бейбіт Мұсаев және «Салтанат» би ансамблі қатысты. Ал қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық артисі, Қырғызстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елмұра Жаңабергенова болды. Бағдарламаның алғашқы күні «Сармерденді» қазақ жігіттері мен қырғыз қыздары ойнаса, ертең кезек ауысады.