Қазақстаннан кетушілер қайта көбейді – зерттеу
2015 пен 2019 жылдар аралығында елден кетушілер саны тұрақты түрде артып отырған болатын. 2020 жылы карантинге және шекаралардың жабылуына байланысты бұл көрсеткіш азайған-ды, алайда биыл эмигранттар саны қайтадан көбейе бастады. Қазақстаннан кетушілер арасында қалалықтар 29,1%-ға (11,9 мың адам), ауылдықтар 30,5%-ға (2,2 мың адам) өсті. Елден кетушілер мен елге келушілер саны арасындағы айырмашылық 3,1 есені құрайды. Биылғы алғашқы алты айда Қазақстанға 4,6 мың адам көшіп келген. Келушілер арасында, керісінше, қалалықтар 14,9%-ға (3,7 мың адам), ауылдықтар 67,2%-ға (883 адам) азайды. Биыл Қазақстанға 15 жасқа дейінгі 363 бала мен жасөспірім келді, бұл былтырға қарағанда 70,2%-ға аз. Келушілер арасында 16 мен 62/59 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар саны 28,4%-ға (3,7 мың адам), зейнеткерлер саны 20,9%-ға (519 адам) азайған. Ал Қазақстаннан кеткен азаматтар арасында 3,7 мыңы (былтырға қарағанда 42,4%-ға көп) – балалар мен жасөспірімдер, 9,8 мыңы (былтырға қарағанда 24,2%-ға көп) – еңбекке қабілетті адамдар, 659-ы (былтырға қарағанда 43,6%-ға көп) – зейнеткерлер. Өңірлерге шақсақ, елден кетушілер көбіне Қарағанды облысынан (2,1 мың адам) шыққан. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан (1,8 мың адам) және Павлодар (1,5 мың адам) облыстары тұр. Ал елден кетуішлердің ең аз бөлігі (32 адам) Қызылорда облысына тиесілі. Қазақстанға келушілер бойынша Алматы (866 адам), Маңғыстау облысы (841 адам) және Шымкент (419 адам) көш басында.