5 қазақстандықтың 3-еуі мемлекеттік қызмет аларда орыс тілін таңдайды
ҚР Мемлекеттік істер жөніндегі агенттігі еліміздегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау бойынша жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысын жариялады. Онда барлық мемлекеттік орган мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы көрсететін 70 мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты тұрғындардың ұсыныс-пікірі зерттелген-ді. Мемлекеттік қызметті алушылар арасында ең көп қолданылатын тіл орыс тілі (56,9%) болып шықты. Меморганга жүгінгендердің 43,1%-ы қазақ тілін құп көрген. Өңірлерге шақсақ, мемлекеттік қызметті аларда орыс тілін ең көп қолданатындар Солтүстік Қазақстанда екен: мұнда респонденттердің 91,5%-ы сол тілде сөйлеген. Мемлекеттік қызмет алу барысында орыс тілі басымдыққа ие болған өңірлер қатарына Қостанай (85,3%), Павлодар (85,1%) және Ақмола (82,2%) облыстары кірді. Мемлекеттік қызметті қазақша алуды құп көретін тұрғындар Түркістан (85,6%), Қызылорда (80,2%) және Атырау (78%) облыстарында екен. Зерттеуге 9211 респондент қатысқан. Оның 9181-і – мемлекеттік қызмет алушылар, олардың қатарында 7920 жеке тұлға, 1261 заңды тұлға және 30 сарапшы бар.