Елордада Абайдың 176 жылдығына орай конференция өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Абайдың 176 жылдығына орай конференция өтті
ашық дереккөз

Конференцияға қатысушы аға буын өкілдері жастарға Абай мұрасының халқымыздың рухани дамуының қайнар көзі екенін айтып, ұлағатты сөздерімен бөлісті.

«Абай ақын жан-жағына жанашырлықпен қараған. Туысқандық, бауырмалдық, достық қарым-қатынастарды қадірлеген. Қазір бізге жетпейтіні осы. Біз адам бойындағы барлық қасиеттердің жақсысын тек Абайдан үйрене аламыз», - деді өз сөзінде қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы.

Жиын барысында Ш.Құдайбердіұлы атындағы №56 мектеп-лицейінің оқушылары, Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы «Абай нұры» клубының мүшелері және «Оқушылар сарайынан» «Жас абайтанушылар» клубының оқушылары ақын өлеңдерін оқып, өнерлерін ортаға салды. Өз кезегінде №56 мектеп лицейінің 8-сынып оқушысы Әсем Асылбекова домбырада «Татьяна хатынан» жыр шашу орындады. Ал гиперреалист-мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдос Әкімғали ақынға арнап жасаған мүсінін таныстырды.

«Абайдан сөз артылмаған деп жатамыз. Расымен, Абай қозғамаған тақырып жоқ. Адам бойындағы барлық қасиеттер, махаббат, ел мен жер, ғылым мен білім, береке-бірлік айта берсең көп. «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген халықпыз, ақын мұралары кішкентай бүлдіршіндер, оқушылар мен жастар арасында барынша насихатталып жатыр. Оның дәлелі міне, бүгінгі конференцияға жастарымыз да қатысып отыр», - деді Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен.

Іс-шара барысында абайтанушы Алмахан Мұхамедқалиқызы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының Абайтану орталығына ғылыми-танымдық экскурсия жасады. Онлайн форматта өткен жиынға «Үш байлық» қоғамдық қорының жетекшісі Оразгүл Асанғазы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен, ҚР «Дарын» сыйлығының иегерлері – Ибрагим Ескендір, Бекзат Смағұл және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.