Банктерге айыппұл салынды: ең көп ереже бұзғандар қайсы?
Биылғы қаңтар мен шілде аралығында Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріне 77,4 млн теңгеге 40 әкімшілік айыппұл салынды. Былтыр дәл осы кезеңде 87,5 млн теңгеге 88 айыппұл салынған болатын. Яғни айыппұлдардың саны да, сомасы да азая түскен. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде биыл еліміздің екінші деңгейлі банктері арасында қылмыстық жолмен келген кірістерді заңдастыруға және қаржылай мониторинг жасалатын операциялар мен клиенттер туралы құжаттамалық тіркеу және ақпарат беру арқылы терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды бұзу жиі кездескен. Сондай-ақ ең жиі бұзылған ережелер қатарында:
- Банктің қадағалау шараларын қолдану арқылы уәкілетті орган жүктеген міндеттерді орындамауы;
- Клиентті тиісті тексеру бойынша шаралар қолданбау;
- "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерді бұза отырып, ақша төлемі және (немесе) аударымы жөніндегі нұсқауларды уақытылы орындамау;
- Ақша аудару жөніндегі нұсқауды орындау мерзімдерін бұзу бар.
Әкімшілік айыппұл 12 банкке салынды. Ең көп айыппұл (11) – ForteBank-те. Одан кейінгі орында Capital Bank (10) пен Al Hilal ислам банкі (5) келеді. Айыппұл сомасы бойынша да антирейтингті ForteBank (33,7 млн тг) бастап тұр. Кейінгі орында Al Hilal ислам банкі (26 млн тг) мен Capital Bank (9,2 млн тг) тұр.