Биыл өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға өсті

Үкіметтің баспасөз орталығы алаңында өткен баспасөз конференциясында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол Қазақстанда экономиканы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті. Соның ішінде шикізатты терең өңдеу және аралас салаларды дамытуға баса мән берілуде.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,1%-ға өсті.
«Өсімге металл бұйымдар өндірісі мен машина жасауда 14%-ға, тамақ өнімдерінде 9,2%-ға, мұнай өңдеуде 8,6%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінде 6%-ға ұлғаю есебінен қол жеткізілді», - деп хабарлады Серік Жұманғарин.
Тау-кен өнеркәсібі де жоғары өсу қарқынын сақтап келеді – +8,5%. Бұл мұнай өндірудің 11,9%-ға, газ өндірудің 14,3%-ға және көмірдің 10,6%-ға артуымен байланысты.



