«ҚазМұнайГаз» және LanzaJet елімізде экологиялық таза авиаотын өндіру жобасын талқылады

«ҚазМұнайГаз» және LanzaJet елімізде экологиялық таза авиаотын өндіру жобасын талқылады
Фото: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында америкалық LanzaJet технологиялық компаниясының бас директоры Джимми Самарциспен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тараптар елімізде тұрақты авиациялық отын (SAF) өндірісін құруға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Әңгімелесу барысында А.Хасенов LanzaJet компаниясымен серіктестік энергетиканың тұрақты шешімдерін дамытуға мүмкіндік ашатынын атап өтті. Төмен көміртекті баламалы отынды өндіру технологияларын енгізу Қазақстан үшін маңызды.

ҚМГ басшысы Джимми Самарцис мырзаға LanzaJet компаниясының Қазақстанда экологиялық авиаотын өндіретін зауыт салу жобасына қызығушылық білдіргені үшін алғыс айтты. Өз кезегінде тараптар аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді жылдамдатуға дайын екендіктерін растады.

«Бірлескен жұмыстар төмен көміртекті даму мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚМГ-ға 2031 жылға қарай шығарындыны 2019 жылмен салыстырғанда 15%-ға қысқартуға көмектеседі. Жалпы, жоба биоотын нарығының дамуына және Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне айтарлықтай әсер етеді», — деді А.Хасенов.

Айта кетсек, бұған дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі алдын ала әзірлеу кезеңінен өткізілген болатын. Техникалық-экономикалық негіздемені дайындау биыл аяқталмақ.