00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстандық фермерлер заңсыз импорт салдарынан 225 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған

12 сәуір, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстандық фермерлер заңсыз импорт салдарынан 225 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған
Фото: baraev.kz

Парламент Мәжілісінің Respublica партиясынан сайланған депутат Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Әлихан Смайыловқа қазақстандық фермерлерді астық пен сүт өнімдерін шетелдік жеткізушілердің заңсыз импорты мен демпингінен қорғау туралы сауал жолдады, деп хабарлады Elorda.info.

Мәселен, 2022 жылы Ресейде астық жинау рекордтық 153 миллион тоннаны құрады, ал 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей Федерациясындағы астық қоры бір жыл бұрынғыдан 44 пайызға артық болған.

А. Қожаназаров атап өткендей, астық импортына соңғы тыйым кеш енгізілді, өйткені қазірдің өзінде 2 миллион тонна астық әкелінген. Қазақстанға келтірілген шығын көлемі 63,1 миллиард теңгеден астам деп бағаланып отыр, бұл - тек төленбеген ҚҚС мен ҚТЖ тарифі. Ал соңғы жарты жылда шаруалардың шығыны 225,5 млрд теңгеден асты. 

Біздің фермерлер - экономикамыз бен қоғамымыздың негізі. Олар бізді сапалы өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауа райы мен қиындықтарға қарамастан, күн сайын далада еңбек етеді. Олар біздің денсаулығымызға, балаларымыз бен болашақ ұрпағымыздың денсаулығына қамқорлық жасайды. Бірақ бүгінде фермерлер шетелдің заңсыз импорты мен демпингінен туындаған күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл олардың әл-ауқатына нұқсан келтіріп қана қоймай, біздің ауыл шаруашылығымыздың болашағына қауіп төндіреді, – деп атап өтті Respublica фракциясының көшбасшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Ресей Федерациясынан сүт өнімдерін сатып алатын негізгі нарықтардың бірі болып табылады және Қазақстан Республикасының шекаралас аймақтарына артық өнімдерін таратады. Басқа нарықтар болмағандықтан, ресейлік жеткізушілер Қазақстанның сауда желілерін басып, супермаркет сөрелерін сатып алып, отандық өндірушілерді шеттетуге алып келді. Қазақстандық сүт зауыттары отандық сүттің сатып алу бағасын арзандатуға кірісіп, оның арзан алмастырғышын қамдап жатыр. Сүт – тез бұзылатын тауар және жедел шешімдерді қажет етеді, әйтпесе 2015 жылғы жағдай қайталануы мүмкін, ол кезде сүт тура мағынасында жерге төгіліп, фермерлер банкротқа ұшырау алдында қалған.

Осыған байланысты фракция бірқатар шара қабылдауды, оның ішінде шекаралық бақылауды күшейтуді, контрабанда мен демпингке қатысты жазаны қатайтуды, сондай-ақ отандық астық пен сүт өнімдерін өндірушілерді қолдау бағдарламаларын әзірлеуді ұсынып отыр.

Respublica партиясы астық нарығындағы жедел шешімдер ретінде мыналарды ұсынады:

1.            Алашанькоу арқылы астық пен ұн тасымалдауда туындайтын барлық кедергілерді жою үшін Үкімет ҚХР-мен келіссөздер жүргізсін.

2.            Астық пен ұнды өткізу нарығын Таяу Шығысқа қарай кеңейту.

3.            Мемлекеттік қорға кем дегенде 1 млн тоннадан кем болмайтын көлемде астық сатып алуды жүргізу.

4.            Келесі егіс науқанын үзіліссіз жүргізу үшін фермерлердің қарызын қайта құрылымдау құралдарын қарастыру.

Сондай-ақ, «Астық туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда қабылдау және Трансферттік баға белгілеу қағидаларын бекітуді қоса алғанда, жүйелі шараларды жүзеге асыру қажеттігі атап өтілді.

Сүт нарығына келетін болсақ, А.Қожаназаров келесі бастамалардың қажеттілігіне назар аударды:

1.            Импортталатын сүт өнімдерінің кіріс бағасына толық талдау жүргізу.

2.            Жосықсыз өндірушілер мен  құрғақ сүтті сақтау мерзімдерін бақылау үшін  күшейтілген зертханалық бақылау енгізу.

3.            Контрабанданы әкелудің алдын алу үшін шекарадағы бақылауды күшейту.

4.            Отандық өнім өндірушілер үшін «Қазақстанда жасалған» белгісін барлық жерде пайдалана отырып, жергілікті тауарға сауда желілеріндегі неғұрлым тиімді орындар мен сөрелерді басым тәртіппен ұсыну.

5.            Тауарды тек теміржол көлігімен кіргізуге рұқсат ету.

Жоғарыда аталған шаралар қазақстандық фермерлерді заңсыз импорт пен демпингтен қорғауға, жұмыс орындарын сақтап қалуға және саладағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған.