Қант зауыттарына айналым схемалары бойынша 18,3 млрд теңге бөлінді
Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қант зауыттарын айналым схемалары бойынша қаржыландыру барысы мен отандық қант өндірісінің жағдайы талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде 18 өңір шикі қантты сатып алу және қайта өңдеу үшін 18,3 млрд теңге сомасында қант зауыттарын қаржыландырды.
«Ақсу Қант» зауыты соңғысы болып қалған еді, бірақ онымен Алматы ӘКК 2,6 млрд теңгеге тауар жеткізуге келісімшартқа қол қойды, – деді А.Шаққалиев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша Қазақстанның қант зауыттарының жалпы тәуліктік қуаты қант қызылшасын өңдеу бойынша 8,7 мың тоннаны және қамыс шикізаты бойынша 2,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте елімізде қантты жылдық тұтыну – 530-550 мың тонна, отандық шикізат есебінен қамтамасыз ету – 10%-дан аз.
2022 жылы ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 51%-ды құрады, оның ішінде қызылша қант есебінен – 6% (33 мың тонна). Биыл зауыттар 400-450 мың тоннаға жуық қант өндіруді жоспарлап отыр, оның ішінде 50 мың тонна қызылша шикізатынан, қалған көлемі шикі қамыс қантынан өндірілмек. Осы мақсатта Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант қызылшасының егіс алқаптарын 6,5 мың гектарға (11,6 тонна гектардан 18,1 тонна гектарға дейін) кеңейту жұмыстарын жүргізуде, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.
Сонымен қатар қант саласын қолдау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының көлемі үшін субсидиялар нормативтерін тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтты.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдікке Ақсу қант зауытын қысқа мерзімде іске қосуды, ал Энергетика министрлігіне өндірушімен мазут жеткізуге келісімшарт жасасу бойынша қант зауытына жәрдем көрсетуді тапсырды.