Қазақстан мен Ресей көлік және авиация салаларындағы ынтымақтастықты талқылады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті, деп хабарлады Elorda.info.
Тараптар өнеркәсіп, көлік және авиация салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
ИИДМ басшысы айтқандай, биыл 15-16 ақпан күндері министрлік делегациясының Мәскеуге сапары жоспарланып, салалық мәселелерді мұқият пысықтап, талқылау үшін Ресей Федерациясының өнеркәсіп, сауда, көлік, құрылыс және ТКШ саласына жауапты министрліктермен кездесулер ұйымдастырылмақ.
Аталған кездесуде «ЕвроХим», «Камаз», «Уралхим», «Татнефть», «Вертолеты России», «Технониколь» және тағы да басқа компаниялармен автомобиль шығару, химия, тау-кен металлургиясы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту салаларындағы бірлескен өндірістік кооперациялары жөнінде айтылды.
Өз кезегінде А.Бородавкин транзиттік және экспорттық жүктердің ағынын ұлғайтуда «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағы саналатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» учаскесінің маңызы зор екенін айтты.