Елімізде импортты алмастыруға дайын тауарлар бар – Қайырбек Өскенбаев
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамытудың қазіргі мүмкіндіктері мен перспективаларына талдау жүргізілді. Талдау барысында нарықтағы импортты дайын өніммен алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыру перспективасына баса назар аударылды. Сонымен бірге шикізат базасының болуы, экологиялық реттеу, кадрлық құзыреттер мен инфрақұрылым сияқты аспектілер ескерілді. Импортқа тәуелділік деңгейін барынша төмендету үшін тиімді жұмыс жүргізген басқа елдердің тәжірибесін ескердік. Олардың негізгі бағдарламалары мен ел ішіндегі құндылық стратегияларын зерделедік, - деді Қ. Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, осылайша тауар позициялары бойынша 3 топ анықталған.
Бірінші топ - импортты алмастыруға дайын тауарлар. Қазіргі таңда еліміз бойынша мұндай тауарлардың өндірісі бар. Тек тауар өндірушілерге шикізат, қаржыландыру, қажет мамандар және ұзақ мерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет. Екінші топ - импортты алмастыруға дайындық деңгейі орташа тауарлар. Бұл жерде қажет өндірістерді іске қосу үшін құзырет жеткілікті және инвесторлар дайын. Біздің тарапымыздан жобаларды нәтижелі іске асыру үшін қолдау көрсетілетін болады. Үшінші топ - импортты алмастыруға қатысты дайындығы төмен тауарлар. Негізінде, бұл жоғары технологиялық тауарлар. Олардың өндірісі үшін болашаққа деген перспективамен жағдай жасау қажет, - деді ол.