00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Табысы 100 мың теңгеге жетпейтіндерді салықтан босату керек - сарапшы

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Табысы 100 мың теңгеге жетпейтіндерді салықтан босату керек - сарапшы

Оның айтуынша, қаржылық резервтің болуы мемлекетке сенім беріп, қаржылық тәуелдікке түсірмейді. Дегенмен қордың қаржысын жүйесіз жұмсаудың салдары ауыр болады.

«2007-2009 жылдары бүкіләлемдік дағдарыс кезінде сол кездегі қаржылық дағдарыстың салдарымен күресу үшін қомақты қаражат (10 млрд доллар) аударылған еді. Ал 2010-2011 жылдары ел экономикасы қалпына келді. Бірақ сол жақсы күндердің өзінде қаржылық аударымдар жалғаса берді. 2020 жылы пандемия деп тағы 4,7 трлн теңге аударым жасалды. Ол кезде қорда 62 млрд доллар бар болатын. Сосын 2021 жылы Ұлттық қордан 3 трлн теңге алды. Мұның барлығы бюджет тапшылығын жабу мақсатына жұмылдырылып отыр. Соңғы бір жылда 5 млрд долларға кеміді, қазір 57 млрд доллар», – дейді Мақсат Халық.

Сарапшының сөзінше, Ұлттық қордың құрылу функциясы қаралы күндерге арналады. Ол дағдарыс кездерінде, қиын жағдайларда және болашақ ұрпақ қоры деп аталады.

«Ұлттық қор жалпы ішкі өнімге шаққанда 30 пайыздан кем болмау керек. Ал одан төмен болса, жоғалуға қарай бет алады. Ал бір жылдары 50 пайыздан жоғары болатын. Біз оны қатты талан-таражға ұшыратудан гөрі, оның еселенуіне көңіл бөлуіміз керек», - дейді сарапшы.

Оның пайымдауынша, қарызға бату мемлекеттің қаржылық саясатына кері әсерін тигізіп қана қоймай, халықтың әл-ауқатының нашарлауына да әкеп соғады.

«Ұлттық қоры жоқ мемлекеттер қиын жағдайға тап болса, әлемдік қауымдастықтан қарыз сұрайды. Бірінші кезекте халықаралық қаржылық институттар, соның ішінде халықаралық валюта қоры әлем елдеріне қарыз береді. Ал егер ұлттық қорымыз таусылып қалса, біз солардан қарыз сұрауға мәжбүр боламыз. Ал енді қараңыз, резерві жоқ мемлекетке қарыз беруге көп мемлекеттер тәуекел етпейді, тек қоры бар мемлекеттерге ғана береді. Бірақ әлемдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, олар қай мемлекетке қолдау жасаса, сол елдің қаржылық саясатына араласады. Яғни, мемлекет өзінің қаржылық тәуелсіздігінен айырылып қалады. Сондай-ақ, баға саясатына араласып, халыққа кері әсерін тигізеді. Сондықтан халықаралық валюта қорынан қарыз сұрау күні бізге тумай-ақ қойсын. Өйткені өткен жылы Беларусь Президенті тізерлегендей күйде, Ресейден қарыз алуға мәжбүр болды. Мінекей көріп тұрсыз ғой, мемлекет сондай күйге түседі. Сондықтан да резервтің болуы мемлекетке сенім береді», - деді экономист.

Сондай-ақ сарапшы Ұлттық қордағы қаражаттың оңды-солды жұмсалуына өз алаңдаушылығын білдірді.

«Ұлттық қордың қаражаты бірінші кезекте бюджет шығынын жабу үшін жұмсалып отыр. Мен оған қарсымын. Оны Ұлттық қордың қаражатынсыз-ақ жабуға болатын басқа да жол көп. Мәселен бюджет шығындарын оптимизациялау керек. Бюджет шығындары түк мағынасы жоқ LRT-ға жұмсалады. Соның барлығы артық, негізсіз. Сол сияқты маңызы жоқ іс-шараларға, одан қалса, квазимемлекеттік секторға, «Самрұқ Қазына» АҚ-ның қарамағындағы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған еншілес компаниялардың барлығына мемлекеттік бюджеттен ақша алады. Сондықтан бәрін қамтамасыз еткенше, оларды түгел қысқартып, квазимемлекеттік сектордағы артық пайдасы жоқ компанияларды жауып немесе біріктіру керек. Сол кезде біраз табыс қалады. Ол табысты бюджет тапшылығын жауып, әлеуметтік міндеттерге, көп балалы аналарға, асыраушысынан айрылған отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға жұмылдыруға болады», – дейді ол.

Жалпы, қазір мемлекеттік бюджеттің шығыны – 15 трлн теңге, ал салықтан түсетін қаржы – 7 триллионнан астам ғана. Яғни қалған тең жарымы бюджет тапшылығы болып тұр.

«Бюджет шығындарын Ұлттық қордан алады, жетпегенін Ұлттық банкке айтып, теңге басып шығарыңдар дейді. Одан қала берді, шетелдік институттардан қарыз алады. Дәл осылай жалғаса берсе, ендігі 3-4 жылда тауысып қоямыз», - дейді сарапшы.

Осы ретте, ол аталған мәселелерді шешу үшін өзіндік кеңес ұсынды.

«Меніңше, үлкен салықтық өзгерістер керек. Жалпыға бірдей табыс декларациясын жариялаған жөн. Бізде қазір шенеуніктер ғана табысы жөнінде есеп бере бастады. Сол сияқты жалпы халық табысы жөнінде есеп беруі керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, бізде табыстарын жасырады. Сондықтан көлеңкелі экономика шарықтап тұр. Екіншіден, заңда прогрессивті шкалаға өтсін деген ұсыныс айтқанбыз. Мысалы 100 мың теңгеге дейін табыс табатын азаматтар болса, оларды салықтан босатсын, ал енді 200 мыңның үстінде табыс табатын азаматтар болса, 10 пайыз, миллионнан жоғары табыс табатын азаматтардан 15 пайыз салық ұсталсын деген сияқты. Ал табысы тым төмен азаматтарға мүлдем салық салынбауы керек деп ойлаймын. Бұл – әлемдік тәжірибе. Егер бізде де қолға алынса, бюджеттің кіріс бөлігі артады», – дейді Мақсат Халық.

Назерке Еркінқызы