«Таза Қазақстан»: 54 мыңнан астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды


Елордадағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Астана қаласы Полиция департаменті «Таза Қазақстан» акциясын өткізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Акция басталғаннан бері қоқысты заңсыз төгу, ортақ пайдалану орындарын ластау және абаттандыру ережелерін бұзудың өзге де фактілері бойынша 54 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары күн сайын рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастау орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіп, қоқыс пен кәріз суларын белгіленбеген жерлерге төгетін адамдарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Акция басталғаннан бері 630-ға жуық жүк көлігі мен ассенизатор көлігінің жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, белгіленбеген жерге қоқыс төккен жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабының 2-1-бөлігі бойынша (рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды төгу, стихиялық қоқыс үйінділерін қалыптастыру, оларды тасымалдауға көлік құралдарын пайдалану) әкімшілік шара қолданылды.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды қоршаған ортаны ластамауға, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.



