«Құстар теңізді жаяу кешіп жүр»: депутат Каспий теңізінің жағдайы қиын екенін айтты


Каспий теңізін қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мәселелерін Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің тақырыптық отырысында қарап жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Каспий теңізінің мүшкіл жағдайы жайлы мәселені көтерді.
«Әлемде ең ірі жабық су айдыны – Каспий теңізі бүгінде бұрын-соңды болмаған экологиялық дағдарысқа тап болды. Каспий теңізіне 130-дай өзен құйса да, қазіргі дейгейі жыл сайын төмендеп келеді», - деді депутат.
2021 жылдан бері Каспийдің солтүстік-шығыс жағалау сызығы 50 шақырымнан астам шегініп, мыңдаған шаршы шақырым бұрынғы судың ауданы құрғақ жерге айналды.
«Мамандардың зерттеуіне сәйкес, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі жыл сайын 8 сантиметрге төмендеп келеді. Бұдан басқа өндіріс, көлік және басқа да антропогендік қызметтерден Каспий теңізінің ластануы Атакөлдің флорасы мен фаунасына кері әсер етіп жатыр. Әсіресе эндемик итбалығы да жиі қырылып жатыр», - деді Жаңбыршин.
Ол комитеттің көшпелі отырыстары аясында Каспий теңізінің маңында орналасқан Атырау және Маңғыстау облыстарында болғанын айтты.
«Атырау облысында Каспий теңізіне құятын атырабын тікұшақпен қарап өттік. Кірген кемелер шыға алмай, шыққан кемелер кіре алмай тұр. Судың тереңдігі бар болғаны 30-40 см. Құстар теңізді жаяу кешіп жүр. Яғни, бұл балықтардың да миграциясына кері әсер етіп тұр. Аталған проблемалардың барлығы Каспий теңізі маңында орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қауіп төндіретіні анық», - деді ол.



