«Арал теңізін емес, көрші елдің көлін толтырып жатырмыз»: депутат Арал мәселесін көтерді

26 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Арал теңізін емес, көрші елдің көлін толтырып жатырмыз»: депутат Арал мәселесін көтерді
Фото: скриншот/ҚР Парламенті Мәжілісі

Депутат Мұрат Ергешбаев мәжілістің жалпы отырысында Арал теңізінің тартылуына байланысты алаңдаушылығын жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол жыл сайын, әсіресе, вегетация кезеңінде Сырдария өзенімен төменге жіберілетін судың азайтылуы Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы мен халқының тыныс-тіршілігіне қиын тиіп жатқанын айтты.

«Соңғы жылдары Өзбекстанда орналасқан Арнасай көлдер жүйесіне көп көлемде су жіберіліп келеді. Бұл 2023 жылы су тасқынының алдын алу үшін жіберілсе, 2024 жылдан бастап жоспарлы түрде тасталуда (2023 ж.- 500 млн. м3, 2024 ж.- 692 млн. м3). Қаңтар айында өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Су қатынастарының барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмыс тобының отырысында Арнасайға 1542 млн. текше метр су жіберу туралы келісім жасалғаны белгілі.

Бүгінде Арнасайға 1,5 млрд. текше метр су жіберіліп, келісімнің орындалуына қарамастан, Арнасайға су жіберу жалғасуда. Салдарынан ақпан айында Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберіліп жатқан су 100 текше метрге (650 м3/сек-ден 550-ге), азайса, наурызда су жіберу көлемі 200 текше метрге дейін азайтылды. Солтүстік Арал теңізінің тартылуының күрделі мәселесі бола тұра, Арнасайға 50 текше метр су жіберіп, көрші елдің көлін толтыруымен айналысып отырмыз. Сондықтан Арнасайға су жіберуді дереу тоқтатып, Шардарадан төменге тасталатын судың көлемін 650 м3/сек жеткізуге қолдауыңызды сұраймын», - деген депутат Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссияларында Арал теңізін толтыру мәселесін басымдық ретінде қарастыру қажет екенін айтты.