Әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады

Президент Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысына денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңге арналған перспективті міндеттері жөнінде баяндалды.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, өткен жылы елімізде өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жеткен. Бұл – әлемдік орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы өлім-жітім 3 пайызға төмендеді. Былтыр алғаш рет ана мен бала өлімі ең аз көлемде тіркелді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыру, «Қолжетімді емхана» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың скринингтен өтуін жеңілдету бойынша мәлімет берілді.
Дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету және оның айналымын бақылауды күшейту шаралары жүргізіліп жатыр.
2024 жылмен салыстырғанда дәрігерлер тапшылығы республикада – 19 пайызға, ауылдарда – 16 пайызға және орта буын медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі 7 пайызға азайды.
Президентке медицина қызметкерлерін қорғау шаралары жөнінде ақпарат берілді. Бұл орайда заңнаманы қатаңдатуға, дәрігерлерге шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсетуге ден қойылады.
Министрліктің мәліметінше, келесі жылдан бастап әлеуметтік осал топтағы 1 миллион адам медициналық сақтандырумен қамтылады.
Мемлекет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысын жыл соңына дейін аяқтау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін тиімді ету, аса маңызды дәрі-дәрмектердің отандық өндірісін дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді. Сондай-ақ азаматтардың денсаулығын нығайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде тапсырма берді.



