Astana Мusical театры «Роза Бағланова» мюзиклын қойды

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Astana Мusical мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклын қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мюзиклде КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың бала кезі мен жастық шағы, соғыс жылдары, шығармашылық жолы баяндалады.
Ән падишасының тағдыры, оның ерлігі мен Отанға деген сүйіспеншілігі қойылымда шебер көрсетілді.
Мюзиклдың әр көрінісі – әнші өмірбаянының тек эпизоды ғана емес, шексіз таланты, мықты рухы және Отанға деген шексіз махаббаты көрініс тапқан шынайы эмоциялар. Көрермен тек әншінің шығармашылық жолының жарқын тұстарын ғана емес, сонымен қатар майдан күндері, шығармашылық жетістіктері мен өнерге деген жанкештілігіне куә болады. Театр әртістері миллиондаған жанның жүрегінен орын тапқан, ең қиын сәттерде үміт сыйлаған әншінің бейнесін әсерлі музыкалық нөмірлер, жүрек тебірентер монологтар мен кербез хореография арқылы жеткізеді.
Бұл қойылым Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен XVII Халықаралық мюзикл фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» атты екі беделді марапатқа ие болды.
Айта кетейік, Роза Бағланова рөлін Зарина Макина, Ыдырысты (Роза Бағланованың інісі) Асхат Байтілеу сомдады. Қоюшы-режиссеры – Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин. Композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский.



