00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қонаев мектебінде медиасауаттылық тақырыбы сөз болды

Қонаев мектебінде медиасауаттылық тақырыбы сөз болды
Фото: Оңалхан Өнерхан

 «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының «Мектеп және медиасауаттылық» жобасы аясындағы кезекті кездесуі Астанадағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейде өтті, деп хабарлады Elorda.info

12 жылдық тарихы бар білім ордасында 2593 оқушы тек қазақ тілінде білім  алуда. Мектеп-лицейде оқытудың негізгі бағыттары физика-математикалық, химия-биологиялық салалар болса да осындай гуманитарлық іс-шараларды өткізуге де зор мән беріледі.

мектеп глав.jpg

 

Білім ошағында шәкірттердің жан-жақты білім алуына жақсы жағдай жасалыпты. Атап айтқанда, мұнда компьютерлік, лингафондық, мультимедиялық-интерактивті кабинеттер, заманауи үлгідегі физика, химия, биология кабинеттері, 2 спорт зал, футбол, баскетбол алаңдары, хореографиялық зал оқушылардың игілігі үшін ашылған. 

олжас мектеп.jpg

Аталған  медиакомпания қала әкімдігі және Астана қаласы білім басқармасымен бірге ұйымдастырып жатқан жоба шеңберіндегі кездесуде жастарға медиасауаттылық тақырыбында  жан-жақты ақпарат айтылды. Журналистер тобын бастап барған «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының директоры Олжас Сыдықбек бүгінгідей орасан зор қарқынға ие ақпараттық дәуірде жақсы менен жаманды айырып, ғаламтордағы сан мыңдаған ақпараттарды ой елегінен, сүзгіден өткізу үшін медиасауатты болудың маңызды екенін түсіндірді. Мектептермен байланыс орнатуды көздейтін бұл кездесулер арқылы болашақ журналистерді газет оқуға тарту, тіпті мерзімді баспасөзге мақала жазуға бейімдеу екенін де жеткізді. 

мектеп 1.jpg

 Сонымен қатар кездесуге келген «Astana aqshamy» газетінің тілшісі, тәжірибелі журналист Таңатар Төлеуғалиев сан жылдық журналистік қызметінен сыр шерте отырып, журналистиканың бұрыны мен бүгінгі ахуалын салыстыра әңгімеледі. Басылымда көп жылдан бері еңбек ететін тілші Гүлбаршын Өкешқызы жастардың журналистік қадамына сәттілік тілей отырып, оларды холдинг мектеп оқушылары үшін ұйымдастырып жатқан «Ел жүрегі – елорда» атты шығармашылық байқауына қатысуға шақырды. Оған 15 қазанға дейін елордадағы білім ордаларының 7-11-сынып оқушылары өз шығармасын ұсына алатынын атап өтті. Газеттің жас тілшісі әрі болашақ журналистика мамандығы бойынша студент Индира Бержанова болашақ тілші боламын деген жастарға оқуға қалай түсуге, портфолионы қалау жинауға болатыны туралы өз білгенімен бөлісті. Сонымен қатар тілші Райхан Рахметова журналистке қажет білім мен біліктілік, өзге де машықтар жайлы ойын ортаға салды. Ал қазіргі заман талабына сай сапалы бейнетүсірілім  жасап, оның әлеуметтік желіде әдемілеп берудің тәсілдерін медиакомпания SMM-маманы Гүлжан Уәлиева оқушыларға ұғынықты етіп түсіндіріп берді. 

мектеп 2.jpg

Еркін форматта өткен кездесу барысында  оқушылар осы тақырыпта өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойды. Альбина есімді 11-сынып оқушысы ақындыққа жақындығын айтып, әдебиетке бейімдігін байқатты. Бастапқыда қымсыныңқырап отырған көрермен оқушылар біртіндеп ашылып, бірінен соң бірі сұрақтарын жаудырды. 

райхан мектеп.jpg

Олардың «Жазатын ойымды әдемі жеткізу үшін не істеуге болады?», «Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтереміз?», «Газеттің оқырмандарын сақтап қалу үшін қандай жобалар жүзеге асырылады?», «Тележурналистиканы емес баспасөзді таңдау үшін жастарды қалай қызықтырамыз?», «Қазір журналистикада әлеуметтік мәселелер көп талқыланбайды, көбіне БАҚ үкіметке жұмыс істейді деп айтылады, осы оймен келісесіздер ме?» деген сияқты басқа да сұрақтарына кездесу қонақтары толық жауап берді. 

Райхан Рахметова