Депутат Назарбаев университетінің басшылық құрамына қазақстандық азаматтарды тағайындауды ұсынды


Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Назарбаев университетінің басқарушы лауазымдары құрамына қазақстандық азаматтарды тағайындау туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол басшылық қызметтің 70% қазақстандықтар болуы керек екенін айтты.
«Назарбаев Университеті — еліміздің зияткерлік әлеуетінің тірегі, ғылыми-технологиялық прогрестің флагманы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында «Білім мен ғылым - ел дамуының стратегиялық негізі» екенін, жоғары оқу орындарының сапасын арттыру мен ұлттық кадрлардың әлеуетін толық іске қосу қажеттігіне баса көңіл бөледі. Президент: «Біз әлемдік стандарттарға сай келетін ұлттық жоғары білім беру жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деп нақты міндет жүктеді», - деді депутат.
Халық қалаулысы келесідей ұсыныстарды енгізуді ұсынды.
«AMANAT партиясы фракциясы келесі ұсыныстарды енгіземіз: 1. Басшылық құрамды қазақстандық мамандармен толықтыру. Университеттің вице-президенттері, мектеп декандары мен өзге де басқарушы лауазымдарға кемінде 70 пайыз деңгейінде қазақстандық азаматтарды тағайындау мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл - стратегиялық басымдықтарды терең түсінетін, заманауи басқару мен білім саласындағы халықаралық тәжірибені игерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдің озық жоғары
оқу орындарында білім алып, ғылыми дәрежелерін иеленген білікті жас қазақстандықтар бар. Оларға осындай жоғары жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін ұсыну - олардың шетелге кетіп, басқа мемлекеттерде жұмыс істеуінің алдын алып, ел ішінде қалуына және Қазақстанның ғылымы мен білім беру саласына адал қызмет етуіне жол ашар еді», - деді Жұлдыз Досбергенқызы.
Мәжіліс депутаты жоғары білім мектебінде Педагогикалық менеджмент бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуді ұсынды.
«Білім беру саласын басқаруда білікті мамандар даярлау - уақыт талабы. Осы ретте Назарбаев Университетінің Жоғары білім мектебі аясында мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен тәрбие ісіне жауапты мамандарға арналған арнайы бакалавриат бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз. Аталған бағдарламаға мемлекеттік білім гранттарын қарастыру арқылы педагогикалық менеджмент және мектепті баскаруға жүйелі кадрларды даярлауға мүмкіндік болады», - деді депутат.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова ауыл мектептерінің түлектеріне арналған арнайы дайындық бағдарламасын жүзеге асыру туралы ұсыныс білдірді.
«Бүгінде Назарбаев Университетінің жанындағы Foundation бағдарламасына негізінен қалалық және инновациялық мектептердің түлектері түсіп жатыр. Ауыл мектептерінің түлектері үшін бұл бағдарлама білім деңгейі мен ортадағы айырмашылықтарға байланысты қолжетімсіз. Осыған байланысты ауылдық мектеп түлектеріне бейімделген, әлеуметтік тұрғыдан әділетті әрі қолжетімді арнайы 1,5 жылдық дайындық (foundation) бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл бастама - өңірлік теңсіздікті азайту, дарынды жастардың әлеуетін ашу және Мемлекет басшысы айтқан «әлеуметтік әділеттілік қағидатын нақты іске асыру» жолындағы маңызды қадам болар еді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.



