Елімізде 150 мыңнан астам ерекше бала бар – «Әкелер одағы» бірлестігінің төрағасы
Қазіргі уақытта Қазақстанда 150 мыңнан астам ерекше бала бар. Бұл туралы Астанада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында өткен педагогикалық кеңесте «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Біздің арамызда көпбалалы, жалғызбасты, бала асырап алған секілді әртүрлі әке бар. Олардың әрқайсысы өз шаруасымен айналысады. Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде 150 мыңнан астам ерекше бала бар. Оларға да көңіл бөлу керек. Өкінішке қарай, түрлі диагнозбен дүниеге келген нәрестенің қасында көбіне анасы болады. Өйткені көп әке мұндай жағдайды бірден қабылдай алмайды. Ал біздің қоғамдық бірлестік сондай әкелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мақсатымыз – әкелердің сондай балалармен қарым-қатынасын нығайту, - деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет.
Tedx Talks форматында өткен педагогикалық кеңеске Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ 1500-ге жуық ұстаз бен ата-аналар қатысты.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – ұлттың болашағы. Ал ұлттың болашағы отбасынан басталады. Бала өмірдің алғашқы сабақтарын ата-анасынан алады. Сондықтан «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» педагогикалық кеңесінің тақырыбы отбасылық тәрбиеге бағытталған, – деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева.
Ал спикер ретінде «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, көшбасшылық және мотивация бойынша жаттықтырушы, «Жаңа ұрпақ» республикалық көшбасшылық мектебінің негізін қалаушы Асхат Әбжанов, «Қоғамның жаңаруы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Владимир Евдокимов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының тәрбие бөлімінің басшысы Самат Смақов, Қ.Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтажикова сөз алып, өз тәжірибелерін бөлісті. Олар ата-ана мен бала, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас тақырыбында ой өрбітті.
«Бір шырақ 1000 шамды жаға алады». Мен оған 100 пайыз сенемін. Оқушының орнына өзімізді (ұстазды) қойып көрмей, ешқашан оқушыны түсінбейміз. Педагог – өзінің оқушы болғанын ұмытпаған адам. Құрметті әріптестер, ата-аналар. Бәріміз шам ретінде мың шырақты жағып жүре берейік, - деді Қ. Сәтбаев атындағы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейінің директоры Құралай Байтажикова.