Махат Садық: Романтикаға толы арман қалаға айналды
Белгілі журналист Махат Садық Facebook әлеуметтік желісінде ел астанасының,Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшкен уақыттағы алғашқы жылдары жайлы қызықты естелігімен бөлісті,-деп хабарлады Еlorda.info
1997 жылы "Хабар" филиалын басқарып келдім. Ол кезде Ақмола жайбарақат жатқан облыс орталығы еді... Қазағы 18%. Қыста бір-бірін "омыртқа" соғым басына шақырып тойлатып жүретін. Әкімдікке барсаң бейсенбі түстен кейін шенеунік таппайсын. Дүйсенбі жоқ, сейсенбі ғана Әкімдік жұмыс істеуді бастайтын...
1998 жылдан бәрі өзгерді. Романтикаға толы арман қалаға айналды. Алдымен облыстары жабылған Семей, Торғай, Жезқазаған қазақтары қопарыла көшіп келе бастады.
Премьерден бастап, барлық министрлер түріктер салған суреттегі сары үйлерде тұрды. Кеш түсе бәрі Есіл бойын жағалап серуенге шығатын. Әрине прблемасы шаш-етектен қала тұрмысына көндігу қиын өтті. Сенбі-жексенбі Алматысына тартып кететіні үшін 2-3 министр лауазымынан айрылған соң көнбеске амал қалмады. 3-4 жыл солай болды. Шаруасы бар кісілер кеш түсе Есіл жағалап серуендеп жүрген Үкіметбасымен шүйіркелесіп мәселесін шешіп тастайтын,-деп еске алды белгілі журналист.
Сонымен қатар автор сол кездегі қаланың келбеті мен қауіпсіздік шаралары қалай қамтамасыз етілгені жайлы да қызықты естеліктер келтіреді.
Астанадан Әл-Фараби жазғандай ізгі ниетті тұрғындар шаһарын жасаймыз деп тоғыз жолдың торабына полицайлар тұрып, келетін адамдардың құжатын тексеретін. Тіптен айнала ор қазып тастайық. Қалаға арам пиғылды күнәһарларды кіргізбейік деген ұран мемлекеттік деңгейде қарастырылды...
BBC, CCN телеканалдарына келісіммен жаңа қаладағы 20-30 ғимаратты айналдыра түсіріп, "Астана арман қала" деген роликтер түсірдім. Қаншама телефильмдер жасалды...
Астана - жаңа өрлеу дәуірінің басы дедік. Халық қолдады. Үкіметке салмақ салмай, өз қамын өздері жасады. Қазақ ешкімнен ұялмай көрсете алатындай жаңа ордасының туын тікті.
Содан беріде 25 жыл өтіпті. Бір буын алмасты. Ендігі жас буын алдында Әділетті Қазақ елін құру міндеті тұр. Қазақ Елордасына қарап бой түзейтін халық. Астана мерейі мығым болсын!,-деген тілекпен жазбасын аяқтады М. Садық