00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Диқан Қамзабекұлы Бас қаланың Алматыдан Астанаға көшкен алғашқы сәттері туралы естелігімен бөлісті

Диқан Қамзабекұлы Бас қаланың Алматыдан Астанаға көшкен алғашқы сәттері туралы естелігімен бөлісті
фото: assembly.kz

Алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы Facebook парақшасында ел астанасының Алатату баурайындағы ісем Алматыдан сарыарқа төсіндегі сол кездегі Ақмола, қазіргі Астана қаласына  көшуі туралы оқиғаларға куәгер болғаны туралы жазды, деп хабарлады Elorda.info.

 

Бас қаланың көшуін көру немесе осыған қатысты оқиғаларға куәгер болу көбімізге бұйырыпты. 1992 жыл. Қайраткер Смағұл Садуақасұлын көрген, республика басшылығында қызмет істеген Мұхамеджан Әбдіхалықов ақсақалға телефонмен хабарласып, қала орталығындағы үйіне барып сұхбаттастым. Бойы аптал, сөзі анық тұлға екен. Смағұл туралы көп дерек бере алмады. Есесіне: «Сен осы Алматының қалай астана болғанын білесің бе?» деп сұрады. Білмейтінімді айттым. Ақсақал сонда бүй деді: «Астананың Қызылордадан көшетіні айқындалған шақ екен. Күн тәртібіндегі осы мәселе И.В.Сталин деңгейінде шешіліпті. Көсем Кремльге бір топ қазақ қайраткерлерін шақырыпты. «Астананы таңдауға қатысты не ойларың бар?» деп. Т.Рысқұлов пен О.Жандосов «Алматы лайықты!» дейді. Жиылған көпшілік «Ең қолайлысы - Ақмола!» десіпті. Иосиф Виссарионович екі топтың дәлелін білген соң, «Дегенмен тағы жақсылап ойланайық!» деп, екінші басқосуға бірер айдан кейінгі уақытты белгілейді... Кешікпей ол мерзім де жетеді. Сонда Сталин: «Біз ұзақ салмақтап, мына тоқтамға келдік. Сірә («Пожалуй...»), жолдас Рысқұлов пен Жандосовтың пікірінде дән бар. Басқа жолдастар айтқандай, «темір жолы жоқ, қуыста жатқан» Алматы туралы біздің пікіріміз мынау: бүгін астана болмаса, болашақта лайықты астана болады...».  Біз кеңес көсемінің аз сөзінің саяси кең мағынасын кейін аңғардық. 30-жылдардан Шығыс Түркістан ұлттарына, соның ішінде өз қандастарымызға арналған газет-журналдар, саяси-танымдық әдебиеттер шығара бастадық. Совет стратегі Сталин Алматыны саяси кең мағынада астана етуді қалапты...».

Әрине, 20-жылдар мен 90-жылдарды бір қалыпта, бір көзқараспен қарай алмаймыз. Бірақ атам заманнан бері «мемлекет және елдік мүдде» деген классикалық ұғым ешқашан өзгермейді. Ұлттық БАҚ-қа көз тіккен буынның өкілі ретінде айтайық: 90-жылдардың басында астананы көшіру туралы жазушы Оралхан Бөкей мен ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының бейресми мақаласы (түрлі ұсыныс) шыққанда, зиялы қауым дүр ете қалды деп айта алмаймыз. «Е, кімнің ойына не келмейді?»десті де қойды...

Ал, енді астананың Ақмолаға көшуі ресми шешілгенде (1994-1995 жылдары), осыған қарсы бейресми ағым пайда болды. Сондай көзқарастың бір өкілі (қазір марқұм) 1996 жылы мамыр айында бізге: «Ұлт мүддесін сатып, Ақмолаға көшкелі жатыр екенсің ғой!..» дегенін бүгін еске алудың өзі одағайлау... Бірақ ақиқатты Құдайдан жасыра алмаймыз ғой»,- деп жазды ол.

Диқан Қамзабекұлы Еуразия ұлттық университеті ашылған соң, 17 күннен кейін елордаға көшіп келген. 

Иә, біз екі институттың негізінде Еуразия ұлттық университеті ашылған соң, 17 күннен кейін осы қалаға қоныс аудардық. Біраз тарихи сәттерге куәміз. Ақмола-Астананың топырағын басып, ауасын жұтып, суын ішіп өстік-өндік. Шүкір!  Кешегі 200 мыңнан сәл астам халқы бар облыс орталығы 1 млн 300 мыңдай жұртты алқалаған үлкен мегаполиске айналды. 40 мектеп 164 мектепке ұлғайды. Елорда көшкен кезде бұл қалада 18 пайыз жергілікті ұлт тұрса, қазір цифр төңкеріліп түсіп, 81 пайыз қазақ, 19 пайыз мемлекет бірлігіне мүдделі түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. 

Хан Кене рухы азат Қазақстан төріндегі, ерке Есіл бойындағы тас тұғырынан «тәуба!» деп тұр деп ойлаймыз. Әлихан бастаған Алаш тұлғалары аруағы Абай көшесіндегі халыққа жақын, бетегеден биік, жусаннан аласа ескерткішінен «шүкір!» дейтініне де күмән жоқ.

Жаратқан ұзағынан сүйіндірсін! Азаттығымыздың мазмұны мемлекетшілдікке, білікке, парасатқа толсын.  Әсіре мақтан кетсін, әзіз сенім, әлеуетті еңбек жетсін,- деп жазды ол.