Астанада «Қажымұқан жолы» спорттық шарасы өтті
Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған «Қажымұқан жолы 2023» атты спорттық мереке кеші ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Шараның салтанатты ашылуына Қазақстан спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы КММ басшысы Бақтияр Масанов, бокстан әлем чемпионы, Атланта және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, ММА спортынан 5 дүркін әлем чемпионы Айдар Махметов қатысты.
Сондай-ақ турнирдің арнайы қонағы ретінде бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжіғалиев, Астана қаласы мәслихатының депутаты Давид Лория, парадзюдошы Еркебұлан Қанафин және т.б атақты спортшылар келді.
Қала күніне орай өтіп жатқан спорттық мереке құтты болсын! Бұл шара 2021 жылдан бері еліміздің өзге өңірлерінде 7 рет өтті. Астанадағы жарысқа 20 спортшы қатысуға өтініш білдірген еді. Олардың арасынан айтулы жетістікке жеткен спорт шеберлері, ең мықты деген тоғызы таңдалды. Алдағы уақытта СҚО, Шымкент қаласы, Алматы облысы т.б. облыс орталықтарында өткізу жоспарымызда бар. Мақсатымыз – әр өңірдегі мықты спортшыны анықтап, Астана қаласында ең үздіктерінің басын қосу, – деп Қазақстан спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев өз ойымен бөлісті.
Жарыста 9 спортшы бақ сынады: 40 келілік қошқарды 3 555 мәрте көтерген Азамат Мақұлбеков, ауыр атлетикадан Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрғиса Әділетұлы, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Артём Антропов, 13 жастағы ең жас қатысушы Илья Колесниченко, Болат Ахметов, Арман Жамалиев, Николай Иконников, Бекбол Нұрланұлы, Тілеген Ғабдуллин.
Еліміздегі күштік спортты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасовтың құрметіне орай 12-ші мәрте спорттық шараны өткізіп жатырмыз. 2012 жылы бастауын алған жобамыздың алғашқы атауы «Batyrs Battle» болған еді. Енді халық арасында танымалдыққа ие болу үшін «Қажымұқан жолы» деп өзгерттік, – деді мәдени-спорттық шараның авторы саналатын әлемнің 4 дүркін рекордсмені, Гиннесс рекордтар кітабының рекордсмені Сергей Цырульников.
Сайдың тасындай 9 батыр сайыстың 5 түрі бойынша яғни, 60, 70, 80, 90 келі аралығындағы қапшықты жылдамдыққа көтеру, 1 минутта 140 келілік тасты биіктігі 1 метрлік тумбаның үстіне мейлінше көп қою, темір таға пішіндес ретінде жылдам майыстыру, 100 келіден асатын томарды иыққа салып көтеру, белдесуде сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша, чемпиондық атақ Бекбол Нұрланұлы, күміс жүлде Болат Ахметов, қола жүлде Нұрғиса Әділетұлына бұйырып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Қанат БАЙҰЗАҚОВ