2002 жылы Астананың бес жүз мыңыншы тұрғыны дүниеге келді
2002 жылы Астананың бес жүз мыңыншы тұрғыны дүниеге келді, деп хабарлады Elorda.info.
Осы жылы «Астана ақшамы» газеті не жайында жазды?
Астананың бес жүз мыңыншы тұрғыны
Бүгінде әлем тани бастаған елордамыз күннен-күнге көркейіп, көрген жанды сәулетімен ғана таңғалдырып қоймай, демографиялық жағынан да өсе түсуде. Кейінгі кезде алып құрылыс алаңына айналған бас қалаға қоныс аударушылар да толастар емес. Әсіресе, төр қаладағы бала туу көрсеткіші қуантады. Күн сайын дүние есігін ондаған сәби ашып, Астананың жаңа тұрғыны атануда.
Міне, бүгін маңдайы жарқырап іңгәлаған Айнұр Әбжанова есімді періште Астананың 500000-ыншы тұрғыны атанды.
Сәбидің әкесі Ержан Еркінұлы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде жүргізуші болса, анасы Ләззат Серікқызы – №9 гуманитарлық-экономикалық лицейінде бастауыш мектеп мұғалімі.
Сәбидің салмағы – 2,800, бойы – 51 см. Қыз баланың есімін әжесі Мәкен ырымдап «Айнұр» деп қойыпты.
Әлемдегі ең үлкен гүл сағат
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тұсында Ақбұлақ өзенінің жағасынан аумағы 1088 текше метр гүл сағаты орнатылды.
Бұл әлемдегі ең ірі гүл сағат саналады. Өйткені оның циферблаты – 11,5 метр. Ал бұған дейінгі Стокгольм мен Мәскеу қалаларындағы гүл сағаттың циферблаты 8 метрден аспайтын болған.
Жаз кезінде елордаға көрік беріп тұратын сағат тілдері жеңіл алюминийден жасалған. Үлкен тілі – 5 метр, кіші тілі – 3 метр. Шымтезек құмыралардың астына электр механизм орнатылып, ол ирезине, ақ бегония, сары және алқызыл раушан гүлдерімен көмкерілген.
Тұңғыш тегін дәріхана
Елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің бастамасымен Қазақстандағы тұңғыш қайырымдылық дәріханасы елорда төрінде ашылды. Канаданың «Харрикейн Құмкөл мұнай» компаниясының демеушілігімен ашылған дәріханада бұдан былай жалғызбасты зейнеткерлерге, тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, жетім студенттерге тегін дәрілер беріледі. Ол үшін көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Елімізде денсаулық сақтау жылы аясында жүзеге асқан жоба басқа өңірлерге де үлгі болары сөзсіз.
Алғаш сөйлесу құрметі Бигелдиновке бұйырды
«Қазақтелеком» кәсіпорны алғаш рет Астана және Алматы қалалары арасына бейнебайланыс орнатты. Аталмыш байланыс телефонмен алғашқылардың бірі болып Алматыдан халқымыздың ардақты ұлы, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов сөйлесті. Ал Астанадан батырдың қалауымен оның немере інісі, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қызметкері Асқар Смағұлов бейнетелефонды пайдаланған тұңғыш адам болды. Телефон арнасын ұйымдастыру үшін 86 теңге берілді де, сөйлескен әр минутқа 35 теңге төленіп отырды. Сөйлесетін адамды бейнебайланысқа шақыру үшін алдын ала уақыт белгілеп, тапсырыс беруге болады.
Алло, «051» тыңдап тұр...
Астанада қаңтар айынан бастап «051» құтқару қызметі іске қосылды. Бұл – америкалық және еуропалық «911», «112» құтқару қызметінің баламасы. Енді қала тұрғындары төтенше жағдай бола қалған жағдайда немесе криминалдық сипаттағы кез келген шұғыл шаруа бойынша құтқару қызметінің көмегіне жүгіне алады.