2000 жылы Астананың бас жоспары бекітілді
2000 жылдың 15 тамызынан бастап Есіл өзенінің елорданың ішінен өтетін бөлігінде «Ақбұлақ» кемесі жүре бастады. Осы жылы «Астана ақшамы» газеті не жайында жазды?
Ғасыр тоғысындағы ғажап той
Елордада «Мыңжылдық – Думан – Астана» деген мерекелік бағдарламасы аясында Жаңа жылды қарсы алу салтанаты өтті.
Қаладағы «Алатау» спорт сарайында болған жаңа жылдық кешке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты.
Президент балына жиналған қонақтар үшін жайылған дастарқан басында игі тілектер айтылды. Жаңа ғасырға санаулы уақыт қалғанда Елбасы барлық отандастарына арнап құттықтау сөзін жеткізді.
«Жеті керемет» атты мұз қалашығында көптеген қала тұрғындары жаңа жылдық дәмдерін осында ала келіп, мыңжылдықты аспан астында қарсы алды. Мұнда мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Ғасырлар тоғысқан осы түнде Астана аспаны түрлі от-шашумен көмкерілді.
Астананың бас жоспары бекітілді
27 қаңтарда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бас жоспарымен жан-жақты танысты. Елорда басшысы Әділбек Жақсыбеков пен қаланың бас архитекторы Байыр Досмағанбетов жаңа жобаның қалай көрініс табатынын әңгімелеп берді.
Екі сағат бойы әрбір ғимарат пен көше, алаңдардың қалай орналасатынына жете мән берген Елбасы көп мәселеге байланысты өз ойын білдіріп отырды. Жобадан байқағалғаны, үлкен аллеяның бір басында Президент резиденциясы болса, екінші жағында имандылық үйі – сәулетті мешіттің бой көтеретіні еді. Бірақ екі ортаны бір-біріне жалғай салынатын «Трансойл» компаниясының қос ғимараты бөліп тұрғандай екен. Елбасы «Трансойл» ғимаратын қосып салмау жөнінде өз ұсынысын білдірді. «Астананың бас жобасы толық негізде көрініс тауып отыр. Жақында Қазақстан Үкіметі осы жобаны бекіткен соң, құрылыс жұмыстары бастау алады. Яғни жаңа Астанаға жол ашылады» деді Президент.
«Астана уақытымен хабарлаймыз...»
«Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны 2000 жылдың 28 мамырынан бастап еліміздің аумағында қатынайтын пойыздар Астана уақытымен жүретінін жариялады.
Бұған дейін ондаған жылдар бойы өз елімізде Мәскеу уақытымен санасып келген қазақстандық жолаушылар үшін бұл қуанышты шешім болды. Мәскеу уақытынан Астана уақытына көшу тәртібі теміржол билеттерінде былайша көрсетілді: Қазақстан стансаларында – Астана уақыты, Ресей мен Қырғызстан теміржолдары стансаларына дейін аттану уақыты – Астана уақыты. Басқа мемлекеттер стансаларына дейін аттану уақыты – Астана уақыты, келуі – жергілікті уақыт.
Қабанбай батыр кесенесі
4 қараша күні Астана қаласынан отыз шақырым жерде Қабанбай батырдың кесенесі салтанатты түрде ашылды. Кесене Ақмола облысының Қызылжар ауылында орналасқан. Құтты мекен ашылған күннен еліміздің киелі жерлерінің біріне айналды. Жан-жақтан келушілер көбейді.
Ескерткіштің сәулеттік композициясы ерекше. Жоба сәулетшісі Ақжайық Сәуменов ежелгі тақырыпты жаңа мазмұнда беріп, дәстүрлі құндылықтарымыздың беріктігін паш еткен. Жалпы алаңы – 41,3 шаршы метр.
Президенттік мәдениет орталығы
Қала күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығының тұсауы кесілді. Аталмыш орталық халқымызды тарихи-мәдени жәдігерлік мұралармен, сондай-ақ дүниежүзілік мәдениет және өнер жауһарларымен жүйелі түрде таныстыратын болады.
Елордадағы екі ірі жол торабы Республика даңғылы мен Александр Бараев көшелерінің қиылысында орналасқан мекеменің жалпы ауданы – 20315,0 шаршы шақырым.
Бұл – Астана сәулетіндегі зәулім ғимараттардың бірі. Орталық биіктіктен көз жүгірткенде қазақ халқының мәдениетіне тән, сәулелері әлемнің төрт бұрышына таралатын дөңгелек ретінде көрінеді. Бүкіл сәулет композициясының осьтік орталығы радиусы – 19,5 метр. 16 метрлік күмбезбен бекітілген 5 қабатты мұражай ғимаратқа түркілік сипат береді.
Есіл өзеніндегі серуен
15 тамыздан бастап Есіл өзенінің елорданың ішінен өтетін бөлігінде «Ақбұлақ» кемесі жүре бастады. Осылайша, қала тұрғындары бас қаламыздың сәулетін және маңайындағы көрнекті орындарды су үстінде тамашалайтын болды. Су бойымен саяхат жасайтын қайық әзірге 6 шақырым қашықтықта экскурсиялық қызмет көрсетеді. Жоба елорданың туристік тартымдылығын арттырып, қаланың сыртқы көрінісін ажарландыру мақсатында қолға алынды.