Жеке мектептерге қойылатын талаптар күшейеді
Елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы Алматы қаласындағы жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұдан былай, елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі», - деп жазылған министрліктің ақпаратында.
Сонымен қатар, жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады. Қазіргі таңда құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі.
Қазіргі таңда еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылды, жалпы лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий жариялауды жоспарлауда.
Бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептеріне құжаттарды онлайн тапсыруға болатынын жаздық.