eGov.kz: Назарбаев зияткерлік мектептеріне құжаттарды онлайн тапсыруға болады
5 қаңтардан бастап eGov.kz порталы арқылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру грантына конкурсқа қатысу үшін өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Конкурсқа құжаттарды өтінім беру сәтінде 6-сыныпта оқып жатқан балалардың ата-аналары немесе заңды өкілдері тапсыра алады.
Алғаш рет Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқуға түсу және білім беру гранты аясында қабылдау конкурсына қатысуға өтінім беру eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады.
Өтінімдерді қабылдау 5 қаңтарда басталып, 9 ақпанда аяқталады. Сонымен қатар құжаттарды офлайн форматта Назарбаев зияткерлік мектептері филиалдарының қабылдау комиссиялары арқылы да тапсыруға болады (толығырақ осы сілтеме бойынша НЗМ ресми сайтында).
Конкурс 7-сыныптарға қабылдау үшін өткізіледі. Қатысу тек жалпы білім беретін ұйымдардың 6-сыныптарында оқып жатқан оқушыларға арналған. Қазіргі уақытта 7-9-сыныптарда оқып жатқан оқушылар, сондай-ақ бұрын өтінім тапсырған немесе қолданыстағы рұқсаттамалары бар үміткерлер конкурсқа қатыса алмайды.
eGov.kz порталы арқылы қызметті алу үшін пайдаланушыға:
– eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Білім беру» – «Орта білім» бөлімдеріне өту;
– «Қазақстан Республикасы Президентінің «Өркен» білім беру гранты конкурсына құжаттарды қабылдау» қызметін таңдау;
– өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды тіркеу;
– сұранымды қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау;
– жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген мерзім ішінде келетін өтінімнің өңделуі туралы хабарламамен танысу қажет.
Қызмет тегін көрсетіледі.
«Егер бала Қазақстанда оқымаған жағдайда, өтінім беру кезінде пайдаланушы баланың үлгерім табелінің немесе оқу сыныбы, оқу жылы және құжат берілген күні көрсетілген мектептен анықтаманың электрондық көшірмесін, сондай-ақ белгіленген талаптарға сай 3×4 форматтағы оқушының цифрлық түрлі-түсті фотосуретін қоса тіркеуі қажет. Жеке басын куәландыратын құжаттар мен туу туралы куәлікке қатысты мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған жұмысты күшейткенін жаздық.