Жасанды интеллектіні дамытуға Мемлекет басшысының өзі мән беріп отыр: Азаматхан Әміртай
"Байтақ" партиясының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай Президенттің Turkistan газетіне берген сұхбатын оқып шыққанын айтып, пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"Президентіміздің сұхбатын оқып шықтым. Осы сұхбатынан мен ел басшысының Қазақстандағы жағдайды, мәселелерді көріп, біліп, олардың шешу жолдарына қатысты жоспар құрып отырғанын түсіндім.
Президенттің Turkistan газетіне берген сұхбатында көтерілген өзекті мәселенің бірі - Конституцияға өзгеріс енгізу, Праламент жүйесін бір палаталы ету туралы айтылған тұсы дер едім. Бұл елімізде жасалып жатқан маңызды саяси реформа, "Әділетті Қазақстан" тұжырымдамасының нүктесі деуге болады. Екінші менің ерекше назарымды аударған дүние - жасанды интеллектіні қолдану. Осы уақытқа дейін елімізде цифрландыру, электронды үкімет сияқты ақпараттық технологияларға қатысты салалар дамып келді. Ал енді жасанды интеллектіні дамытуға Мемлекет басшысының өзі мән беріп, сұхбатта осы мәселені көтеріп отырғаны еліміз үшін технологиялық дамудың қаншалықты маңызды бағыт екенін көрсетеді. Жасанды интеллект пен қауіпсіздік мәселесін қатар қарау қазір күн тәртібінде тұр", - деді Азаматхан Әміртай.
Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.