Жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек – Тоқаев
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істелуде. Алдағы үш жылдың ішінде нағыз цифрлық ел боламыз деген айқын мақсатымыз бар. Осыған орай, аймақта бірінші болып Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырмыз. Менің Жарлығыммен Алатауға даму қарқыны озық қала мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Иран компанияларымен тығыз байланыс орнатамыз деп сенеміз», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран жаңа ықпалдастық кезеңіне қадам басқанын, елдеріміз сауда, инвестиция, логистика және технология салаларындағы экономикалық серіктестіктің негізін қалап жатқанын айта келіп, бұл форум екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді.
Бұған дейін Президент Қазақстан Иранмен бірлесіп, түрлі жобалар әзірлеуге дайын екенін айтты.
Ал Иран Президенті сауда-экономикалық серіктестіктің перспективті салаларына тоқталды.