Жанармай нарығының болашағы: Сарапшылар баға қалыптастырудың сын-қатерін талқылады
KAZENERGY қауымдастығы алаңында жанар-жағармай нарығындағы баға қалыптастырудың өзекті мәселелері мен алдағы қадамдарына арналған кездесу өтті. Талқылауға сарапшылар, салалық қауымдастықтар, нарықтың түрлі сегментінің өкілдері, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және мемлекеттік органдар өкілдері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Негізгі назар АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын реттеу мәселесіне аударылды. Нарық қатысушылары қолданыстағы баға шектеуі өндірістік, логистикалық және операциялық шығындардың өсуімен қатар барлық қатысушыға қосымша жүктеме түсіріп, жалпы саланың тұрақтылығына кері әсер ететінін атап өтті.
Сондай-ақ макроэкономикалық факторлардың ықпалы және реттеу шарттарының өзгеруі мұнай өнімдерінің өзіндік құны мен жеткізу тізбегінің жұмыс істеуіне әсер ететіні ерекше айтылды.

Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, нарық факторларын елемеу және көрші елдермен баға айырмашылығының айтарлықтай болуы «сұр» экспортқа жағдай жасайды. Яғни арзан отын заңсыз түрде елден шығарылып, ішкі нарықта жасанды тапшылық қаупін тудырады. Бағаларды кезең-кезеңімен теңестіру бұл тәуекелін азайтып, ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сарапшы Ерлан Жаукин атап өткендей, бағаны реттеу саланың инвестициялық мүмкіндігін шектейді. Ал қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ жаңа, төртінші МӨЗ салу үшін қомақты ресурс қажет. Нарықтық жағдайды дамыту мұнайды өңдеу тереңдігін арттыруға және инвестиция тартуға қосымша ынталандыру береді. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторының бірі.

Осыған байланысты қатысушылар мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін нарықтық баға қалыптастыруға көшу нарықтың тұрақтылығын арттырудың маңызды факторы болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл бағаның ашық қалыптасуын, оның экономикалық негізділігін және ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, мәселенің әлеуметтік сезімталдығын ескере отырып, бағаны кезең-кезеңімен арттыру қажеттілігі ерекше атап өтілді. Нарықтық тетіктерге көшу халық табысы мен ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырылады. Бұл бағаның күрт өзгеруін болдырмай, тұтынушылар үшін күйзелісті сценарийлердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ұстанымды біріктіріп, баға қалыптастыру тетігін жетілдіру жөнінде ортақ ұсыныстар дайындап, оларды уәкілетті мемлекеттік органға жолдауға келісті.
Жалпы алғанда, жанармай нарығында еркін баға қалыптастыру мұнай өңдеу саласын дамытуға, инвестиция тартуға және әлеуметтік тұрақтылықты сақтай отырып, тұтынушылар мүддесін қорғауға бағытталған стратегиялық қадам ретінде қарастырылады.
Еске сала кетсек, Қазақстан әуежайларында авиакеросин бағасы төмендеді.