Қазақстан әуежайларында авиакеросин бағасы төмендеді

Бүгін, 17:03
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстан әуежайларында авиакеросин бағасы төмендеді
Фото: freepik.com

2026 жылы ұлттық компания «ҚазМұнайГаз – Аэро» Алматы және Астана қалаларындағы ірі әуежайларда әуе компанияларын тікелей, яғни «қанатқа құю» тәсілімен жанармаймен қамтамасыз етуді бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Көлік министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, «ҚазМұнайГаз – Аэро» компаниясының әуежай инфрақұрылымына, оның ішінде өңірлік әуежайларға тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етті.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан әуежайларында әуе керосинді өткізу бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Жаңартылған баға бойынша Turkish Airlines, Fly Dubai, Air Cairo, Somon Air, AJet, Pegasus Airlines, Red Sea Airlines, One Air, HungaryAirlines, Fly Meta әуе компаниялары жанармаймен қамтамасыз етілді», - делінген хабарламада. 

«ҚазМұнайГаз – Аэро» делдалдарсыз әуекомпанияларына тікелей жанармай құю көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты әуе керосин бағасының кезең-кезеңімен одан әрі төмендеуі күтіледі.

Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары қызмет көрсететін көршілес мемлекеттерде әуе керосин бағасы бір тоннасына 1200–1300 АҚШ доллары аралығында.

Сонымен қатар, Қазақстанның 17 әуежайында рейстер саны мен бағыттарға қойылатын шектеулерді алып тастайтын «ашық аспан» режимі қолданылады. Бұл режим шетелдік әуекомпанияларына әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасына және оның аумағы арқылы ұшуларды орындау құқығын береді.

Аталған шаралар авиация саласында өңірлік көшбасшылықты нығайтуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.