Жанарбек Әшімжан: Абай – ақыл-ойымыз бен киелі сөз құдіретінің құбыласы
Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай ақын, журналист Жанарбек Әшімжан хәкім Абайдың қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, мұрасының маңызын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан сөз өнері мен рухани мұрасы ұлы Абай шығармашылығында жаңа биікке көтерілді.
«Бүгін — Қазақ Сөзінің арнасын адамзаттың ақыл-ой көшінің олимпіне бағыттаған ұлы Абайдың туған күні!
Құтты болсын!
Ең алғашқы қасиетті сөз көктен түсті.
Адамзатқа бағдаршам болған – сол төрт кітап!
Ал, одан кейінгі үлкен сөзді тасқа қашаған ұлы билеушілер мен баһадүрлер – Күлтегін мен Тоныкөк.
Аспан астын ақырып сұраған Көк түріктер жүзжылдықтардың апшысын алаңсыз қуырды.
Жебе адырнадан керіліп үлгергенше ұлы өнер Майқының көмейіне барып қонақтаған еді.
Сөз иесін тапты, жорықтар жүйесін тапты.
Жер бетін картасыз басып алып жатқан сондай бір қиянкескі шақтарда тарих санасына сөз ұстаған қолбасшылар келді. Кешегі ақырып теңдік сұраған Шалкиіз, Доспанбет, Ақтамберді, Қазтуған жыраулар мен зар-заман ақындары солардың сарқыншағы еді.
Ат арыған, тон тозған кезеңдер де болды…
Қараойда қалғып кетіп, қапыда басы домалап түскен соңғы батыр-жырау Махамбет!
Бекетайдың құмындағы дауыл тыншып, тілерсекке тұсау, басқа ноқта байланып, асаулық әдіра қалған өлара шақта түгел сөз Қарауылға көш түзеген.
Қазақтың маңдайына да, таңдайына да біткен асыл сөз арнасын бұзып-жарып, ақтарылған қалпы ұлы Абайдың ауласына келіп тоқтады. Тоқтатқан — Құнанбайдың баласы.
Сол Абай жазып қалдырған жалғыз кітапты адамзат баласы бір жарым ғасырға жуық уақыт болды талдап, таразылап, талқылап, тәпсірлеп біте алмай жатыр...
Абай — ақыл-ой мен санамыздың, киелі сөз құдіретінің құбыласы! Құбыладан адаспайық», - деді Жанарбек Әшімжан.