«Заң менен басталады»: елордадағы Абай атындағы мектепте құқықтық ақпараттық акциясы өтті
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Заң менен басталады» атты құқықтық ақпараттық акция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара құқыққорғау органдарының өкілдері мен ата-аналардың, ұстаздардың мектеп оқушылары әзірлеген «Заң балалар көзімен» және «Өз құқығыңды біл» сурет көрмесін тамашалауынан басталды.

Оқушылар өздерінің заң, құқық тұрғысындағы ойын сурет арқылы сипаттаған. Мысалы, Өміржан Әлінұр салған суретте полиция қызметкерлерінің балаларды қорғайтыны жайлы бейнеленген.


«Мектепте оқушыларға заң, құқық тұрғысында тәрбие беру үрдісі қалыптасқан. «Заң мен тәртіп» айлығында да көптеген танымдық ақпарат берілді. Ұстаздар мен мектеп инспекторлары және құқыққорғау саласында қызмет атқаратын ата-аналар оқушыларға құқық, заң алдындағы жауапкершілік туралы айтып, алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керектігін түсіндіріп, үнемі байланыс жасап отырады», - деді Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының директоры Айгүл Қашаева Elordainfo.kz тілшісіне.

Мектептегі акция аясындағы іс-шаралар легі Абай музейінде, спорт залда, Абай кітапханасы мен коворкинг-алаңдарда өтті.

Қонақтар мен оқушылар тобы мектептегі Абай мұражайына бас сұқты. Келушілерге мұражайды таныстырған оқушылар мен музей жетекшісі Абай жазған 73 баптан тұратын заң нұсқасы туралы айтты.


«Абайды ақын, философ ретінде жақсы білеміз. Бірақ Абайдың көп қыры бар. Соның бірі – жұрт аса біле бермейтін Абайдың заңгерлігі. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолынан кейін қазақтың салт-дәстүріне лайықты арнайы заң жазып кеткен ол – ұлы Абай. Бұрынғы Семей облысы Шар ауданынан 70 шақырымда орналасқан Қарамола деген жерде 66 бидің қатысуымен съезд өткен. Сол 66 бидің алдында Абай өзі жазған 140-тан аса бапты ұсынған соң, оның 73 бабы қалдырылған. Абай жазған заңның әлі де ықпалы бар», - деді ақын, абайтанушы, №87 мектеп-гимназиясындағы Абай мұражайының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызы.


Сонымен қатар STEM кабинетінде Абай мектебінің оқушылары жасаған роботтар және сабақ кезінде қолданатын киберқауіпсіздік, алаяқтардан сақтану тұрғысындағы интерактивтік ойындар таныстырылды.


Сондай-ақ аталған мектеп оқушылары мен мұғалімдері ойлап шығарған авторлық жобалары - зияткерлік үстел ойындарынан сайыс ұйымдастырылды. Онда сұрақтарды ауыстырып отыруға болады. Бұл жолы үстел ойындарында заң мен тәртіп тұрғысындағы сұрақтар жасырылған.

Бұдан бөлек мектептің спорт залында оқушылар арасында эстафеталық ойындар өтті. Командалық сайысқа қатысушылар ойын ережесі бойынша әртүрлі кедергілерден жарыса өткен соң, заң аясындағы сұрақтарға да тез-тез жауап беріп отырды.

Іс-шара барысында қонақтар мектеп ішіндегі «Жас сарбаз» сыныбының оқу-жаттығуын тамашалады. Онда оқушылар Калашников автоматын жылдам шашып-құрады. Басқа да жаттығу түрлерінен өнер көрсетті.

Айта кетейік, оқушылардың бойында әскери-патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында Білім басқармасы мен мектеп басшылығының ұйғарымымен «Жас сарбаз» сыныбы 2025 жылдың қыркүйегінде ашылған. Арнайы кабинет жарақтандырылған. Сабақты алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі өткізеді.

«Жас сарбаз» сыныбы ретінде 7 «А» сыныбы таңдалды. Сабақты таңертең оқитын бұл сыныптың оқушылары түстен кейінгі уақытта жаттығу жұмыстарымен айналысады. Спорттық іс-шараларға қатысады», - деді мектеп директоры.


Сонымен қатар құқықтық ақпараттық акция аясында жоғары сынып оқушылары арасында пікір сайыс, дебат іс-шаралары өтті.

Құқықтық ақпараттық акция мектептің мәжіліс залында қорытындыланды. Онда оқушылар дайындаған көрініс қойылды. AQ talks еркін ой-пікір алаңында Maqsut Narikbayev University ассистент-профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағали дәріс оқыды.



Бұған дейін елорданың «Сарайшық» ауданындағы мектептерде «Болашақ прокурорлар клубы» ашылғанын жаздық.