Үкімет пен Азия даму банкі $5,5 млрд-қа он бес жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті

Үкімет пен Азия даму банкі $5,5 млрд-қа он бес жаңа жобаны жүзеге асыруға ниетті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Азия даму банкінің президенті Масато Канда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық бағыттар шеңберінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мен инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады , деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында көлік және логистика, ТЖ, цифрлық технологияларды дамыту, тұрғын үй нарығы, «жасыл» қаржыландыру және тағы да басқа салалардағы жобалар талқыланды. Жасанды интеллект, дата-орталықтар салу, талшықты-оптикалық магистральдар жүргізу, көлік дәліздері мен кедендік рәсімдерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту әлеуеті атап өтілді. Қарағандыда кадрлар даярлау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 300 төсек орынға арналған университеттік аурухана салу бойынша МЖӘ жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. 

Премьер-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі негізгі әріптестерінің бірі – Азия даму банкімен жан-жақты өзара іс-қимылға ерекше мән беретінін атап өтті. Ынтымақтастық сапалы өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аудара отырып, экономикалық дамуды трансформациялауға бағытталған.

Азия даму банкінің президенті Масато Канда қаржы секторының тұрақтылығын арттыруды қоса алғанда, Қазақстанның құрылымдық реформалар бойынша жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалады, сондай-ақ экономика секторларын ауқымды түрде цифрландыруды қолдауға мүдделі екенін білдірді.

ҚР Үкіметі мен Азия даму банкі арасында 2026-2029 жылдар аралығында жалпы сомасы шамамен $5,5 млрд болатын 15 перспективалық жобаны жүзеге асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат экономикада жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін мүмкіндік ашады. Атап айтқанда, өңірлік өзара байланыс, табиғи апаттарға төзімділікті арттыру, су ресурстарын басқару, ТКШ, ҚР тұрғын үй нарығын дамыту және тағы да басқа бағыттар бойынша бастамалар жоспарланған. Сондай-ақ АДБ жеке секторды, оның ішінде АӨК, көлік және логистика сияқты басқа да салалардағы жобаларды қаржыландыруды жалғастырады.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пен Азия даму банкі арасында Сарыағаш қаласын айналып өтетін, ұзындығы 102 шақырым болатын айналма жол салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Аталған жол Б. Қонысбаев атындағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етеді. Жаңа жол транзиттік ағынды елді мекеннен тыс жерлерге шығаруға мүмкіндік береді, бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль қатынасын жеделдетеді және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауданың тиімділігін арттырады.

Еске сала кетсек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығымен танысты.