Астанадағы LRT көктемде іске қосылады
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында LRT-ның қашан іске қосылатыны туралы жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярмен бірге LRT депосының ғимаратына барып, жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру аясында құрылып жатқан Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмыс дайындығымен танысты.

Орталық көлік жүйесін басқару мен қаладағы жол-көше желісіндегі процестерді үйлестірудің негізгі элементіне айналады. Оның функционалына LRT құрамдарының қозғалысын басқару, интеллектуалды көлік жүйесінің бағдаршам нысандарын үйлестіру, қоғамдық көлікті диспетчерлік сүйемелдеу, велосипедті жалға беру жүйесін диспетчерлеу, сондай-ақ көлік деректерін өңдеу және сараптамалық талдау кіреді.

«Аралау барысында «Әуежай», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Музей» станцияларының жай-күйін қарадық. Сынақтық пайдалану бекітілген сынақ бағдарламасына сәйкес бүкіл желі бойынша жүріп жатыр. Сынақтар инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйелерін тексеруді, сондай-ақ персоналды даярлауды және апаттық рәсімдерді пысықтауды қамтиды. Құрамдар Орталық Азияның климатына бейімделген, төмен температура мен мұздануға төзімді.
LRT құрамдары пилотсыз режимде қатынайды. Сынақтық пайдалануды аяқтау және жолаушылар қозғалысын бастау күні барлық іс-шара кешені толық орындалып, жүйенің белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігі расталғаннан кейін анықталады. LRT жұмысының басталуы жақын айларда (көктемде) күтіледі», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.


Еске сала кетсек, Астанада LRT жүйесіне қызметкерлер қабылдау басталғанын хабарладық.