UAE SWAT Challenge-2026: Президент үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады

Бүгін, 09:43
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
UAE SWAT Challenge-2026: Президент үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық командаларды құттықтады
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Президент Дубайда өткен терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында үздік нәтижеге қол жеткізген қазақстандық командаларды құттықтады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Kazakhstan C командасы беделді турнирдің абсолютті жеңімпазы атанса, Kazakhstan A командасы жалпы есепте екінші орынға ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен жасақталған құраманың кәсіби, физикалық, жауынгерлік даярлығы және отаншыл рухы жоғары деңгейде екенін, сондай-ақ сарбаздардың жеңіске деген ерік-жігерін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы 48 елден 109 команда қатысқан жарыста лайықты өнер көрсеткен арнайы жасақ жауынгерлеріне тиісті құрмет көрсетілетінін айтты.

Еске салайық, Қазақстан командасы SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы атанды.